Мақсұт АХМЕТОВ, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы: «Әрбір дауыс — елдің ертеңіне жасалған таңдау»
2026 жылғы 23 тамызда елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді. Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Құрылтайы заң шығару билігін жүзеге асыратын елдің ең жоғары өкілді органы болып айқындалды. Осыған байланысты Қазақстанда алғаш рет Құрылтай депутаттары сайланып, оның құрамына партиялық тізімдер бойынша 145 депутат бес жыл мерзімге сайланады. Осыған орай Ұлытау аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметовтен ауданның сайлауға дайындығы туралы сұрап білдік.

– Мақсұт Қыздарбекұлы, биылғы Құрылтай депутаттарының сайлауы бұрынғы қос палаталы Парламент сайлауынан несімен ерекшеленеді? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Бұл – еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды кезеңдердің бірі. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Құрылтайы заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде жұмысын бастайды. Сондықтан 23 тамызда өтетін сайлау – тарихи маңызы зор науқан. Бұл сайлауда азаматтар партиялық тізім бойынша дауыс береді және Құрылтай құрамына 145 депутат бес жыл мерзімге сайланады. Құрылтай құру бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында жариялады. Кейін бұл бастама Конституцияға енгізілген өзгерістер аясында заңнамалық тұрғыдан рәсімделді.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа институттың мақсаты – өңірлердің мүддесін ұлттық деңгейде кеңірек таныстыру, азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейту, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту және саяси реформаларды жалғастыру. Президент Құрылтайды халықтың түрлі әлеуметтік топтары мен өңірлерінің пікірін біріктіретін өкілді орган ретінде сипаттады. Осылайша, Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси реформалардың келесі кезеңдерінің бірі болмақ.
– Ұлытау ауданында сайлауалды дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Барлық ұйымдастыру жұмыстары бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Кент пен ауылдық округтерде сайлауға қатысты ақпараттық-түсіндіру материалдары таратылып жатыр. Сайлау комиссиялары дайындықтан өтті, учаскелердің материалдық-техникалық базасы толық қамтамасыз етілген.
– Аудан бойынша қанша сайлаушы тіркелген?
– Бүгінде аудан бойынша 6474 сайлаушы тіркелген. Сайлау комиссияларының құрамы мынадай: 1 аудандық және 25 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Комиссиялардың жалпы құрамында 132 адам бар. Барлық комиссия мүшелері заң талаптарына сәйкес сайлауды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде.
– Сайлау учаскелері қайда орналасқан?
– Жалпы 25 сайлау учаскесінің 12-сі білім беру мекемелерінде, 12-сі мәдениет ошақтарында, 1-еуі колледж ғимаратында орналасқан. Барлығы қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.
– Сайлаушылар өздерінің тізімде бар-жоғын қалай және қашан тексере алады?
– 7 тамыздан бастап барлық азаматтар өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Ол үшін өз сайлау учаскесіне барып немесе сайлау комиссиясына жүгінуге болады. Егер мәліметтерде қателік болса, оны заңда белгіленген тәртіппен түзетуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ осы күннен бастап сырттай дауыс беруге арналған куәліктер де беріле бастайды. Олар 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін рәсімделеді.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қандай жағдай жасалған?
– Бұл мәселеге ерекше назар аударылып отыр. Аудан бойынша 26 мүмкіндігі шектеулі сайлаушы бар. Оның ішінде 12 азамат арбамен қозғалады, 10 азаматтың көру қабілеті төмен, 4 азаматтың есту қабілеті нашар. Барлық сайлау учаскелерінде олардың дауыс беру құқықтарын толық қамтамасыз ету бағытында қажетті жағдай жасалған және бұл мәселе тұрақты бақылауда.
– Сайлау комиссиялары туралы ақпарат тұрғындарға жарияланды ма?
– Иә. Аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, сондай-ақ олардың шекаралары аудандық «Ұлытау» газетінде жарияланды. Сонымен қатар тұрғындарға қажетті ақпарат ақпараттық тақталарда, кент және ауылдық округтерде орналастырылып, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
– Кейбір азаматтар «бір дауысым ештеңені өзгертпейді» деп жатады. Ондай пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Әрбір дауыс маңызды. Демократиялық қоғамда әр азаматтың таңдауы ескеріледі. Елдің болашағы азаматтардың белсенділігіне байланысты. Сондықтан әрбір тұрғынды 23 тамыз күні сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын. Бұл – тек құқық қана емес, азаматтық жауапкершілік.
– Сайлауға қатысты тұрғындар нені ескеруі керек?
– Дауыс беру 23 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді. Сайлаушылар өздері қолдайтын саяси партияға дауыс береді. Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 23 шілдеде сағат 18:00-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. Ал 7 тамыздан бастап азаматтар өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізуге өтініш бере алады.
– Сайлаушыларға айтарыңыз бар ма?
– Барша Ұлытау ауданының тұрғындарын тарихи маңызы бар саяси науқанға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық таңдауын жасауға шақырамын. Әрбір дауыс – елдің болашағына қосылған маңызды үлес.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай Белгібайұлы.

