Бала денсаулығы: күзгі маусымға қалай дайындаламыз?

Күздің келуімен мектептер мен балабақшалардағы тіршілік қайта жанданады. Жазғы демалыстан кейін балалар ұжымдық ортаға қосылып, ауа райы да құбылмалы бола түседі. Бұл кезеңде ата-аналарды «Бала денсаулығын қалай сақтаймыз?», «Дəрумен беру қажет пе?», «Ауырған кезде неге мəн берген дұрыс?» деген сауалдар алаңдататыны анық. Осы жəне өзге де маңызды сұрақтарға Ұлытау ауданы ауруханасының педиатр-дəрігері Маржан Жаңбыршықызы ДОСЫМХАНОВА жауап берді.

– Маржан Жаңбыршықызы, күзде балалардың жиі ауыруына не себеп?
– Біріншіден, ауа райының құбылуы ағзаға əсер етеді. Екіншіден, жазғы демалыстан кейін балалар мектеп пен балабақшаға оралып, көпшілік ортаға қосылады. Бұл вирустармен байланысты арттырады. Сондықтан баланың иммунитетін қолдаудың ең тиімді жолы – дұрыс күн тəртібі мен күтім.
– Иммунитетті нығайту үшін ата-ана ең алдымен неге көңіл бөлуі керек?
– Ең алдымен дұрыс əрі құнарлы тамақтануға мəн берген жөн. Баланың рационында ет, көкөніс пен жеміс-жидек, қарақұмық, күріш сияқты күрделі көмірсулар жəне пайдалы майлар болғаны дұрыс. Ірімшік, сары май, жаңғақ та рационға қосылады. Бірақ аллергиясы бар балаларға кейбір өнімдерді абайлап берген жөн.
Мектеп немесе балабақша басталар алдында баланың денсаулығын тексертіп, қажет болса ағзадағы тапшылықтарды анықтаған дұрыс.
– Күзде ата-аналар түрлі дəрумендерді өз бетімен бере бастайды. Бұл дұрыс па?
– Дəрумендерді бақылаусыз қабылдауға болмайды. Алдымен балаға нақты не қажет екенін анықтау керек. Егер тапшылық болса, дəрігердің ұсынысымен толықтырылады. Ал тапшылық анықталмаса, қосымша дəрумен қабылдаудың қажеті жоқ. Көптеген пайдалы заттарды құнарлы тағамнан алуға болады.
– D дəруменін қабылдау жөнінде не айтасыз?
– D дəруменіне қажеттілік баланың жасына, тамақтануына, күн сəулесін алуына жəне басқа да факторларға байланысты. Кей балаларға профилактикалық қабылдау ұсынылуы мүмкін. Оның мөлшерін баланың жасына жəне денсаулық жағдайына қарай дəрігермен анықтаған дұрыс.
– Баланың денсаулығында ұйқының орны қандай?
– Ұйқы – баланың өсіп-жетілуі мен қалпына келуінің маңызды бөлігі. Ұйқы жеткіліксіз болса, баланың жалпы жағдайына əсер етуі мүмкін.
Тəуліктік ұйқы қажеттілігі жасқа байланысты: 1–2 жаста – 11–14 сағат, 3–5 жаста – 10–13 сағат, 6–12 жаста – 9–12 сағат, 13–17 жаста – 8–10 сағат.
Мектеп пен балабақша басталғанда ұйқы режимін біртіндеп реттеген жөн. Ұйқыға дейін кемінде 1–2 сағат бұрын телефон, планшет пен теледидарды шектеген дұрыс.
– Күз салқындағанда баланы қалың киіндіру қажет пе?
– Баланы ауа райына сəйкес, қозғалуына ыңғайлы етіп киіндірген дұрыс. Қабаттап киіндіру тиімді. Бірақ тым қалың киіндіру де дұрыс емес, бала терлеп қалуы мүмкін.
Денсаулығы жақсы балаға қолайлы ауа райында таза ауада күн сайын серуендеу пайдалы.

– Бала ауыра бастағанда ата-аналар қандай қателіктерге жол береді?
– Ең бастысы – баланың жағдайын елемей, мектепке немесе балабақшаға жібере бермеу. Əлсіздік, мазасыздық, дене қызуы, жөтел немесе тамақ ауруы байқалса, баланың жағдайын бақылау қажет.
Антибиотикті өз бетімен беруге болмайды. Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың басым бөлігін вирустар қоздырады, ал антибиотиктер вирусқа əсер етпейді. Сондықтан мұндай дəрілерді тек дəрігер тағайындауы керек.
– Дене қызуы көтерілгенде бірден түсіру керек пе?
– Ең алдымен баланың жалпы жағдайын бағалау қажет. Көңіл күйі, тыныс алуы, сұйықтық ішуі жəне белсенділігі маңызды. Қызу түсіретін дəрілерді де баланың жасына жəне салмағына сəйкес мөлшерде қолданған жөн.
– Жөтел кезінде қандай сақтық қажет?
– Жөтелдің себептері əртүрлі. Сондықтан дəріні өз бетімен таңдауға болмайды. Əсіресе қақырық түсіретін немесе жөтелді басатын дəрілерді дəрігердің кеңесінсіз қолданбаған дұрыс.
– Күз-қыс маусымында ата-аналарға берер негізгі кеңесіңіз қандай?
– Баланың денсаулығы үшін үш нəрсеге мəн берген дұрыс: құнарлы тамақ, жеткілікті ұйқы жəне таза ауадағы қозғалыс. Сонымен бірге ағзада темір, D дəрумені немесе басқа да микроэлементтер тапшылығы бар-жоғын қажет болған жағдайда анықтап, дəрігер кеңесімен толықтыру керек.
Бала ауырған кезде өздігінен емделмей, жағдайын бақылаған жөн. Ал ұлттық екпе күнтізбесіне сəйкес вакцинацияны уақытында алу – инфекциялық аурулардың алдын алудың маңызды жолдарының бірі.
– Ата-аналарға айтар тілегіңіз?
– Баланы түрлі дəрумендермен немесе дəрі-дəрмекпен шектен тыс «қорғауға» тырысқаннан гөрі, күнделікті күтіміне көңіл бөлген дұрыс. Ал денсаулыққа қатысты күмəн туындаса, əртүрлі интернет кеңесіне сүйенбей, бірден маманға жүгінген жөн.
– Ата-аналарға айтқан ұсыныстарыңыз балалардың денсаулығын күзгі маусымда дұрыс күтуге септігін тигізері сөзсіз. Пайдалы кеңестеріңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан
Альмира ОСПАН.