Конкурстық іріктеусіз тағайындалды
Ұлытау ауданында мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тетігі аясында жас маман конкурстық іріктеусіз лауазымға тағайындалды. Бұл – мемлекеттік қызметке білікті жастарды тартуға бағытталған заңнамадағы өзгерістердің нақты нəтижесі.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін «Жер ресурстарын басқару» білім бағдарламасы бойынша биыл техника ғылымдарының магистрі дəрежесімен, орташа 3,77 GPA көрсеткішімен тəмамдаған Нұржан Иран уəкілетті органның келісімі негізінде Ұлытау ауданының жер қатынастары, сəулет жəне қала құрылысы бөлімінің бас маманы қызметіне тағайындалды.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сəйкес мемлекеттік грант негізінде білім алып, оқуын кемінде 3,33 GPA көрсеткішімен аяқтаған жоғары оқу орнының түлектері аудандық жəне ауылдық деңгейдегі төменгі мемлекеттік əкімшілік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындала алады. Бұл тетік өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға, жас əрі білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға жəне олардың туған өлкесінде еңбек етуіне мүмкіндік береді.
Ұлытау ауданының əкімдігі жас маман Иран Нұржанды жаңа қызметімен құттықтап, жауапты мемлекеттік қызметте кəсіби жетістіктер мен ел игілігі жолындағы еңбегіне толағай табыс тіледі.
Өз тілшімізден.

