Ауылдарға апарар жол жаңаруда
Ұлытау ауданында елді мекендерге апаратын автомобиль жолдарын жөндеу және асфальттау жұмыстары жалғасуда. Соның бірі – Айыртау елді мекеніне кіреберіс жолды орташа жөндеу жобасы. Ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын жолдағы жұмыстар аяқталуға жақын.

Жоба 2025 жылы басталды. Алғашқы кезеңде жолға қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жолды толық асфальттау жұмыстары атқарылып, қазіргі уақытта жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.
Сапалы жол – елді мекендердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдететін маңызды инфрақұрылымның бірі. Әсіресе, бұған дейін асфальт жолы болмаған ауылдар үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Жол қатынасының жақсаруы тұрғындардың аудан орталығына баруын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айыртауға апаратын жолды жаңарту да осы мақсатты көздейді. Жобаның аяқталуы елді мекен тұрғындары үшін қатынас жағдайын жақсартып, ауылдың ауданмен байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Жалпы, аудандағы жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары Айыртау бағытымен шектелмейді. Биыл Сарысу елді мекеніне апаратын жол пайдалануға берілді. Ал Борсеңгір бағытындағы автомобиль жолын толық аяқтау келесі жылға жоспарланған.
Облыс әкімі Есет Байкеннің елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда ауданға қарасты ауылдарға апаратын автомобиль жолдарын кезең-кезеңімен асфальттау көзделген. Бұл бастама ауданның көлік қатынасын жақсартуға, елді мекендердің өзара байланысын нығайтуға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Жол инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңарту – ауылдардың дамуына серпін беретін маңызды қадам. Жоспарланған жобалардың жүзеге асуы тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, елді мекендердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ізбасар ОЙБАС.
