«Ұлы Даланың Ұлытауын ұлықтаған»
Ұлытау аудандық орталық кітапханасында «Бір ел — бір өлке» акциясы аясында ақын, аудармашы, журналист, тарихшы Қуаныш Ахметовтың 80 жылдығына орай ақынды еске алып, шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ұлы Даланың Ұлытауын ұлықтаған» атты əдеби-тарихи танымдық кеш өтті.

Тұлғаның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау, жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, елжандылыққа тəрбиелеу кештің басты мақсаты болды.
Арқалы ақын, белгілі қаламгер, Ырғыз бойында туып, ширек ғасыр кенді өлкеге тер төккен зерделі зерттеуші, Ұлытау жəне Ырғыз аудандарының Құрметті азаматы болған қаламгерді еске алу кешіне əдебиетсүйер қауым қатысты.
Кеште тұлғаның өмір жолы туралы жасанды интеллектпен бейнекөрсетілім көрсетіліп, Жезқазған қаласында тұратын ақынның баласы Мұрат Қуанышұлы, Ақтөбе облысы Алға ауданында тұратын қарындасы Күлəш Ахметова видео арқылы байланысқа шығып, өз естеліктерімен бөлісті.

Қ.Ахметовтың еңбектері жайлы Ұлытау ауданы Мəслихатының төрағасы Ахат Құрмансейітов, ардагер ұстаз Жұмакүл Əліпбекова, еңбек ардагері Татулы Бимағанбетов, Мақсұт Ахметов, «Ұлытау» газетінің бас редакторы Альмира Оспан, Еуразия Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті Эльдара Обайдулина, Ұлытау ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей қорығының қызметкері Жасұлан Аяшев жəне Ұлытау ауданының Мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбековтер сөз сөйлеп, ақынның шығармашылығы мен өмір жолын тілге тиек етті.
Ақынның туған жерге арналған өлеңдері де əр қазақтың жүрегінен орын алған болса, сол өлеңдерін кітапхананың жас оқырмандары тебірене оқып, жырдан шашу шашты.
Кеш соңында Қуаныш Ахметовтың кітаптары мен естелік фотоларынан құрастырылған «Өнегелі өмір иесі» атты кітап көрмесімен оқырмандарды кітапханашы Құралай Төребай таныстырды. Ұзақ жылдар кен өндірісінде еңбек етіп, кейін республикалық басылымдарда журналистік қызмет атқарған қаламгердің «Ұлытау – ұлы мекен», «Ұлытау – қазақ хандығының алтын бесігі», «Ұлы даланың Ұлытауы», «Жошыхан Ұлытау өңірінде» атты еңбектері оқырмандардың зор қызығушылығын тудырды.
Қуаныш Ахметовтің шығармашылық мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы болып мəңгі қалатыны сөзсіз. Тұлғаның мəңгілік мұрасын кітапханашылар кейінгі өскелең ұрпаққа дəріптей беретіні сөзсіз.
Ұлытаудың өзіндей, Қобыланды батырдың көзіндей алып тұлғалы, адуынды ақын, зергер зерттеушінің 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шарамыз өз деңгейінде өтті.
Кеш Ұлытау ауданының мəдениет үйі қызметкерлерінің əн-шашуына ұласты.
Сандуғаш ДҮЙСЕНБАЕВА,
аудандық орталық кітапханасының əдіскері.

