Бекзат Жанкелді, Ұлытау аудандық ветеринариялық станциясының басшысы: «Төрт түлік саулығы – адамзат саулығының кепілі»
Елімізде халықты сапалы азық-түлікпен және шикізат өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді шаралары қарастырылған. Онда фермерлік қосалқы шаруашылықтарды өркендете отырып, алдағы уақытта мал шаруашылығы өнімдерін көбейту, мал және шикізат өнімдерін өңдеудің көлемін ұлғайту міндеттелінген. Ол үшін мал ауруларын анықтаумен оны емдеудің озық әдістері мен жолдарын тауып, осы бағытта ветеринариялық – санитариялық шараларды жүзеге асыру көзделген.

Қарап отырсақ, күнделікті дастарқанымыздан табылатын тағамдардың басым бөлігі – ауыл шаруашылығы өнімдері. Сол өнімдердің экологиялық таза, жоғары сапада болуы тұтынушылар үшін маңызды фактор. Қазіргі таңда жануарлардың қауіпті ауруларын болдырмау, оның алдын алу, дер кезінде анықтау, оларды оқшаулау шаралары ветеринариялық мекеменің қызметі арқылы жүзеге асады. Аудандағы мал өсіретін, оның өнімін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға ветеринариялық станция тарапынан көрсетілетін қызмет түрлері аз емес. Осы орайда, Ұлытау аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Бекзат Жанкелдіұлымен тілдесіп, азкем сұхбаттасқан едік.
— Бекзат Жанкелдіұлы, алдымен халыққа түсінікті болу үшін аудандық ветеринариялық станциясының жалпы атқаратын қызметі туралы тарқатып айтсаңыз…
— Бүгінгі күні біздің қарауымызға тиесілі кенттер мен ауылдық округтерде жаңадан салынған сегіз ветеринариялық пункт жұмыс жасайды. Бір ветстанция бар. Ветеринариялық ұйымдардың негізгі атқаратын міндеттері жануарлардың аса қауіпті профилактикалық – диагностикалық және эпизоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс шараларды жүргізу, ауруға күдік туған кезде клиникалық тексеру жүргізу, нақты диагноз анықталғанша малдарды оқшаулау, егер эпизоотиялық ошақтар пайда болған жағдайда, оларды зерттеу – қарау біздің жұмысымыз. Ең бастысы, халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау және оларды емдеу. Сонымен қатар, біздің мекеме ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіруді жүргізеді, дерекқор жүйесіне енгізеді. Ветеринариялық паспорт, сондай-ақ, ауыл шаруашылық және бірдейлендіру жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы ұйымдармен атрибуттарды тасмалдауды, ветеринариялық анықтама беруді басқа да ветеринария саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асырады.
Тағы бір айта кетерлігі, биологиялық материалдардан сынамалар алу, оларды ветеринариялық зертханаға жеткізу біздің мойнымызда.
— Бұл түсінікті. Енді өзіңіз басқарып отырған мекеменің ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарған жұмыстарына тоқталсаңыз…
— 2026 жылдың тоғыз айында жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс шаралар бекітілген жоспарға сәйкес, Ұлытау ауданы аумағында уақытылы жүргізілді. Аудан аумағындағы шаруа қожалықтарының малдары құтыру ауруына, сібір жарасына, қарасан, түйе обасына, ірі қара малдың инфекциялық ринотрахеитіне қарсы егілді. Сонымен қатар, 2026 жылдың тоғыз айына бекітілген диагностикалық жоспар аясында зерттелгені 81 354 бас ірі қара мал, 139 509 бас ұсақ мүйізді мал, 300 бас жылқы, 130 бас түйе, 30 ит болды. Ал, бруцеллез ауруына шалдыққан 98 бас түгелдей барлығы санитариялық союға жіберілді. Бұдан бөлек, тұқымды қошқарлардың жұқпалы эпидимиті аясында 2900 бас, ал ірі қара малдарының аусылы иммунитетінің қауырттылығын арттыру негізінде 225 бас мал зерттелді.
Бүгінгі күні Ұлытау ауданы бойынша 22 090 бас ірі қара мал, 37 597 бас ұсақ мүйізді мал, 8152 бас жылқы, 20 бас түйе бірдейлендіруден өтіп, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесіне тіркелді. Жылқы малдарыда осы жолмен бірдейлендірудің ақпараттық жүйесіне енгізілді. Мұнда жылқы малдарын чиптеу мал иелерінің есебінен жүргізілді. Біздің тарапымыздан жеке және заңды тұлғаларға жалпы үш мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 2181 дана ветеринариялық анықтама берілді. Ал, ветеринариялық паспорт бойынша өтініштер түскен жоқ. Себебі, қазіргі уақытта мал иелерінің «Tort Тulik» мобильді қосымшасы арқылы ветеринариялық паспорттарды онлайн түрінде алуына мүмкіндігі бар. Біздегі ең бір өзекті мәселе – мал қорымы. Ұлытау ауданы бойынша төрт мал қорымы бар. Атап айтсақ, Ұлытау, Сарысу ауылдарында, Жезді, Қарсақбай кенттерінде. Бұл мал қорымдары ветеринариялық – санитариялық талаптарға сәйкес жөндеуден өткізілген. Әлі де басқа да елді мекендерге мал сою алаңдары мен мал қорымдарын салу ойда бар. Бірақ бұл алдағы күннің еншісінде.
— Негізгі жұмыстарыңыз мал ауруының алдын алу ғой. Осы тұрғыдан алғанда, елді мекендегі ветеринариялық пункттердің жайы қалай?
— Үстіміздегі жылы облыстық ветеринария басқармасы Niva Legend автокөлігін сатып алып, Мибұлақ ауылдық округінің ветеринариялық пунктіне берді. Негізінде, биылғы жыл біздің ветеринария саласы үшін қуанышқа толы жыл болды. Жағымды жаңалықтарымыз жетерлік. Мал шаруашылығын дамытудың 2026 – 2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында ветеринариялық қауіпсіздікті дамыту, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын кеңейту мақсатында Ұлытау ауданы бойынша сегіз елді мекенге, атап айтсақ, Аманкелді, Борсеңгір, Егінді, Жезді, Қарсақбай, Мибұлақ, Сарысу,Ұлытауға заманауи модульдік ветеринариялық пункт және мал қамауға арналған алаң салынып, қолданысқа берілді. Осы ветеринариялық пунктер материалдық-техникалық тұрғыдан талапқа сай жабдықталған. Пункттердің барлығы агротехникаларымен заманауи ветеринариялық термочемодан, шприцтер тағы да басқа жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әрбір кенттік, ауылдық округтерде қызмет көліктері бар. Ветеринария саласының мамандарына барынша жағдай жасалған. Уақытылы мал егу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар. Біздің қызметкерлер күнтізбелік кестеге сәйкес, тұрғындарға ветеринария саласы бойынша жүргізілетін жұмыстары туралы үнемі хабарлама беріп отырады.
— Онысы дұрыс екен. Ал жастардың ветеринария саласына келуі қалай? Кадр мәселесі туралы не айтасыз?
— 2024 жылы «Серпін» бағдарламасы аясында көші-қон бағдарламасымен үш маман келді. Бір маман Мибұлақ селолық округінің пунктіне фельдшер болып жұмысқа қабылданды. Екі маман Қоскөл селолық округінің ветеринариялық пунктіне фельдшер және санитары болып орналасты. Бұдан бөлек, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру бағдарламасы бойынша бір маман Ұлытау селолық округіне ветеринариялық санитар болып жұмысқа кірісті. Жалпы айтқанда, биылғы жылы жоғары оқу орнын бітірген төрт маман біздің салаға келді. Оның ішінде «Жастар» бағдарламасы аясында екі жас маман жұмысқа орналасты, бір маман Алғабас селолық округіне, бір маман Қоскөл селолық округіне жіберілді. Сонымен қатар, Ұлытау селолық округіндегі ветеринариялық пунктке фельдшер лауазымы бойынша бір жас маман жұмысқа қабылданды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарын бітірген төрт жас маман өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Жағдайлары жақсы.
— Алдағы жоспарларыңыз туралы да бір-екі ауыз сөз айта кетсеңіз…
— Келер жылға жоспарлап отырған жұмыстарымыз көп. Аудан аумағындағы жеті елді мекенге модульдік ветеринариялық пункттер салу, мал қамауға арналған алаңдар салу ол да жоспарда бар. Тоғыз елді мекенге мал қорымын салуды да жоспарлап отырмыз. Сәтін салса, іске асады деген ойдамыз. Алдағы күндері ветеринариялық – санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, мал қорымдарын салуды, оларды реконструкциялауды, оны күтіп ұстауды, осы бағытта жұмыс әдістерін жетілдіруді көздеп отырмыз. Өйткені, төрт түлік саулығы – адамзат саулығының кепілі ғой.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
