Мәңгі жаса, қыран елім – Қазақстан!
Ұлытау аудандық балалар кітапханасында Республика күніне орай тағылымды тәрбие сағаты өтті.

25 қазан – Республика күніне орай Ұлытау аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Мәңгі жаса, қыран елім – Қазақстан!» атты тәрбие сағаты өткізілді. Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.
Іс-шараға Ұлытау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мүсілім Егізекұлы қатысып, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады. Ізгі тілегін білдіріп, ел тәуелсіздігінің қадір-қасиеті мен Отанға деген сүйіспеншіліктің маңызына тоқталды.
Тәрбие сағатына кітапхананың тұрақты оқырмандары мен 3-сынып оқушылары белсене қатысты. Балғындар Отанға деген сүйіспеншілігін өлең жолдарымен өрнектеп, патриоттық әндер орындады. Атап айтқанда, Мейрам Дінмұхаммед пен Құрманжан Айлин әсем әндерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ оқушылар мақал-мәтелдерді жалғастырып, білімдері мен тапқырлықтарын танытты.
Мерекелік шара аясында «Балбұлақ қызығушылық» клубының қолөнер көрмесі және «Менің Отаным – менің болашағым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмелер қатысушыларға ұсынылып, балалардың шығармашылық қабілеті мен кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Тағылымды шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру және елін құрметтейтін саналы азамат тәрбиелеу. Іс-шара соңында белсенділік танытқан оқырмандарға сыйлықтар табысталды.
Республика күніне арналған бұл кездесу балалардың бойындағы елжандылық сезімді нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Гүлзира ӘБДІКАРОВА,
кітапханашы.
