Алмаз ҚАЙЫРБЕК, Ұлытау ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі: «Әдеп – мемлекеттік қызметтің өзегі»
Мемлекеттік қызметші – қоғам мен мемлекет арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Мемлекеттік қызметтің сапасы мен имиджі, ең алдымен, қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауына байланысты екені белгілі. Ал осы әдептілік пен қызметтің тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып, моральдық-психологиялық ахуалын нығайту маңызды. Ұлытау ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл Алмаз Қайрбекпен арадағы сұхбат осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

– Алмаз Қайрбекұлы, әңгімемізді әдеп жөніндегі уәкіл институтының маңыздылығына бастасақ.
– Әдеп жөніндегі уәкіл институты мемлекеттік қызмет жүйесінде маңызды орын алады. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту. Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмысын жүзеге асыру арқылы біз мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуды мақсат етеміз.
– Енді өткен жылы атқарылған жұмыстарды бір саралап өтсек.
– Өткен жылы біз мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру бағытында бірнеше шараларды іске асырдық. Бұл бағытта 12 консультация және 6 семинар-дәріс өткізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілермен кеңейтілген мәжіліс жиыны өткізіліп, заңнамалық өзгерістер мен әдеп кодексі туралы ақпарат берілді. Мұндай шаралар қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың мінез-құлық мәдениетін жақсартуға бағытталған.
– Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы, аудан бойынша мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау деңгейі қанағаттанарлық деп бағаланады. Соңғы жылдары әдеп нормаларын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, көптеген оң нәтижелер байқалуда. Әрине, кейбір жағдайларда әдеп талаптарының сақталмау фактілері кездесіп жатады, бірақ олар анықталған кезде тиісті шаралар қабылданып, алдын алу жұмыстары күшейтіледі.
– Қызметтік әдептің сақталуына қатысты қандай шаралар қабылданды?
– Әдеп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдеп кодексінің талаптары түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы кеңестер беріледі. 2025 жылдың қыркүйек айында Экономика және қаржы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және білім бөлімі мен Қазынашылық басқармасының қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп, ұжым ішіндегі қарым-қатынас мәдениеті мен қызметтік әдеп мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, жаңа қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен мүлікті сенімгерлік басқаруға беру тәртібі түсіндірілді. Әрбір жаңа қызметкермен жеке әңгімелесу жүргізіліп, тәлімгерлік жүйесін күшейту жұмыстары қолға алынды. Осылайша, әдеп бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жалғасын тапты.
– Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту үшін, есепті кезеңде мемлекеттік қызметшілер арасында тимбилдинг форматындағы спорттық іс-шаралар өткізілді. Бұл шаралар қызметшілердің арасында ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етті. Бұдан бөлек, аудан әкімінің Алғыс хаттары бірқатар қызметкерлерге табыс етілді. Бұл шаралар мемлекеттік қызметшілердің өз жұмысына деген жауапкершілігін арттырып, ұжымдағы жалпы ахуалды жақсартты.
– Әдеп бұзушылықтардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Әдеп бұзушылықтың алдын алу – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Осы бағытта біз мемлекеттік қызметшілермен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қызметтік тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, әрбір қызметкермен жеке әңгімелесулер өткізіліп, олардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Әдеп бұзушылықтары орын алса, тиісті шаралар қабылданады, бірақ қуанышқа орай, өткен жылда әдеп бұзушылықтардың тіркелмегенін атап өткен жөн.
– Азаматтар тарапынан қандай мәселелер жиі көтеріледі?
– Азаматтар көбінесе мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына, қызметтік міндеттерін орындау барысында кездескен қиындықтарға қатысты өтініштермен жүгінеді. Әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы мен қызмет көрсету стандарттары туралы сауалдар да жиі түскен. Бұл барлық мәселелер мен ұсыныстар тиісті органдарға бағытталып, шешімін табуға ұмтыламыз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы уақытта да әдеп нормаларын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Мемлекеттік қызметшілермен кері байланысты нығайту, жаңа форматтағы іс-шараларды енгізу, түсіндіру жұмыстарын жандандыру жоспарлануда. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларды іске асыру және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке дамуындағы мәселелерді қарастыру бағытында шаралар қабылданады. Жалпы, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, әдеп нормаларын сақтау деңгейін көтеруге және тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға бағытталған жұмыстарды жетілдіре түсеміз.
– Қоғамға айтар тілегіңіз қандай?
– Қоғамда заңдылық пен тәртіптің сақталуы — баршамызға ортақ міндет. Әрбір азамат пен мемлекеттік қызметші өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Әдептілік, әділдік және ашықтық қағидаттары қоғамның дамуына негіз болады. Біз бірге ғана әділ әрі дамыған қоғам құра аламыз. Әдеп және тәртіптің сақталуы — бұл тек мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, жалпы қоғамның да міндеті. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыру бағытында жүргізілетін жұмыстар жалғасатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
