Айна Әбілова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Әлеуметтік қызмет — адамға жанашырлық таныту миссиясы»
Қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні – халықтың әл-ауқатын жақсартуға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және қоғамдағы мейірім мен ізгілікті нығайтуға үлес қосып жүрген мамандарға құрмет білдіретін мереке. Осы мереке қарсаңында Ұлытау ауданында әлеуметтік қорғау саласының жұмысы, мамандардың жауапкершілігі мен адамгершілік миссиясы жөнінде бөлім басшысы Айна ӘБІЛОВАМЕН әңгімелескен едік.

– Айна Бейсалықызы, ең алдымен, кәсіби мереке қарсаңында әлеуметтік саладағы еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Мен 1993 жылы Жезқазған университетінде экономика мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды жоғары оқу орнында бастап, 1997 жылы мемлекеттік қызметке келдім. Аудандық ішкі істер бөлімінде, экономика және қаржы бөлімінде, кәсіпкерлік саласында түрлі қызметтер атқардым. 2009 жылы Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары болып тағайындалдым. Ал 2015 жылдан бері осы бөлімді басқарып келемін. Осы жылдар ішінде халыққа қызмет етудің басты өлшемі – жауапкершілік пен сенім екенін терең түсіндім.
– Әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Бұл мамандықтың басты құндылығы неде деп ойлайсыз?
– Әлеуметтік қызмет – тек міндеттерді орындау немесе құжат рәсімдеу емес. Бұл – қиындыққа тап болған адамның жанынан табылып, оған қолдау көрсету, өмірге деген сенімін нығайту. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі адамға үлкен демеу болады.
Әлеуметтік сала мамандары қарттарға, жалғызілікті жандарға, мүгедектігі бар азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеді. Олардың жұмысы әрдайым көзге көріне бермегенімен, қоғам үшін маңызы зор. Сондықтан бұл салада кәсіби біліктілікпен қатар мейірімділік, сабырлылық, төзімділік пен адамға жанашырлық таныта білу аса қажет.
– Биыл Ұлытау ауданында әлеуметтік қорғау бағытында қандай жаңашылдықтар жүзеге асырылды?
– Биыл ауданымызда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту бағытында маңызды қадамдар жасалды. «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі» коммуналдық мекемесі құрылып, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету лицензиясын алды. Сонымен қатар «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды.
Орталықтың негізгі міндеті – отбасы құндылықтарын нығайту, отбасылық жанжалдардың алдын алу, қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету. Бұл бастамалар тұрғындарға көрсетілетін қолдаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
– Әлеуметтік сала мамандарының еңбегін бағалауда қандай өлшем маңызды?
– Ең басты өлшем – халықтың сенімі мен ризашылығы. Егер азамат өз мәселесіне бейжай қарамайтын, мұңын тыңдап, заң аясында көмек көрсетуге ұмтылатын маманды кездестірсе, бұл – біздің жұмысымыздың нәтижесі.
Бізге жүгінетін тұрғындардың арасында әртүрлі жағдайға тап болған адамдар бар. Олардың әрқайсысының өтінішіне мұқият қарап, мүмкіндігінше тиімді шешім табуға тырысамыз. Көмекке мұқтаж азаматтың қиын кезеңнен өтуіне жәрдемдесіп, оның бойына үміт пен сенім ұялату – үлкен адамгершілік миссия.
– Сіздің ойыңызша, нағыз әлеуметтік қызметкер қандай болуы керек?
– Ең алдымен, адал, әділ, жауапты әрі кәсіби білікті болуы қажет. Әр адамның жағдайына түсіністікпен қарап, оның қадір-қасиетін құрметтей білуі керек. Сонымен бірге заң талаптарын сақтап, азаматтардың өтініштеріне әділ әрі сауатты шешім қабылдауға ұмтылуы тиіс.
Әлеуметтік қызметкердің жұмысы жүрекпен атқарылғанда ғана нәтижелі болады деп ойлаймын. Өйткені біздің мақсатымыз – тек көмек көрсету емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға және қоғамдағы өз орнын сезінуіне ықпал ету.
– Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру оңай емес. Өзіңіз үшін отбасының орны қандай?
– Мен алты баланың анасымын, үш немеренің әжесімін. Отбасым – менің ең үлкен байлығым, өмірдегі басты тірегім. Қызмет пен отбасын қатар алып жүру әйел адамнан үлкен күш-жігер мен сабырлылықты талап етеді. Қазақ әйелдері қай уақытта да отбасының берекесін сақтай отырып, ел дамуына үлес қосып келеді. Мен үшін де осы екі жауапкершілікті қатар алып жүрудің мәні зор.
– Сөз соңында кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?
– Әлеуметтік қорғау жүйесінде еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – адамға қамқорлық көрсетіп, қоғамның әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың мерекесі.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен толағай жетістіктер тілеймін. Қай кезде де халықтың сеніміне лайық болып, ізгі істерімізбен мұқтаж жандардың өміріне қуаныш пен үміт сыйлай берейік!
– Әңгімеңізге рахмет.
Айқарма бетті әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
