Ветеринариялық қызметке жаңа серпін
Аманкелді ауылдық округінде жаңа модульді ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған нысан ауыл шаруашылығын дамытуға, малдың саулығын сақтауға және ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

Жаңа ветеринариялық пункт Қазақстан Республикасының 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды. Бұл – ауылдық елді мекендердегі ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бастамалардың бірі.
Жаңа пункт қажетті жабдықтармен қамтылып, ветеринариялық қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасалған. Мұнда малды тексеру және ветеринариялық өңдеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, нысан аумағында 600 шаршы метрді қамтитын арнайы қоршау, яғни малды бекітуге және ветеринариялық шараларды жүргізуге арналған раскол салынды. Бұл құрылым малды тексеру мен өңдеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мамандардың жұмысын жеңілдетуге арналған.
Ветеринариялық пункттің іске қосылуы ауыл тұрғындары мен мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар үшін маңызды. Өйткені ветеринариялық қызметтің елді мекенге жақын орналасуы малды уақтылы тексеруге, аурулардың алдын алуға және ветеринариялық іс-шараларды жүйелі жүргізуге ықпал етеді.
Жалпы, Ұлытау ауданында ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл аудан аумағында 8 модульді ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды. Бұл ауылдық округтерде ветеринариялық қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Ал келесі жылы ауданның қалған 7 ауылдық округін де заманауи ветеринариялық нысандармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жоспарланған жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда, ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі артып, мал шаруашылығы саласындағы профилактикалық шараларды ұйымдастыруға кең мүмкіндік ашылады.
Ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту тек мамандарға арналған нысандар салумен шектелмейді. Мал шаруашылығында санитариялық талаптарды сақтау, жануарлардан таралуы мүмкін аурулардың алдын алу және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де ерекше маңызға ие.
Осы мақсатта 2027 жылы Ұлытау ауданының 9 елді мекенінде мал қорымдарын салу жоспарланған. Мұндай нысандар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес пайдаланылған жағдайда, өлген малды қауіпсіз залалсыздандыруға және қоршаған ортаны ықтимал биологиялық ластанудан қорғауға мүмкіндік береді.
Аманкелді ауылдық округінде жаңа ветеринариялық пункттің ашылуы – ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған маңызды қадам. Ал аудан көлемінде модульді ветеринариялық пункттер санын арттыру және мал қорымдарын салу жөніндегі жоспарлар ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін кешенді дамытуға негіз болады.
Аманкелді АҚШАЛ.
