Жан жылуын сыйлаған жандар

Әлеуметтік қызметкер болу – тек мамандық емес, бұл үлкен жүректі, мейірімділікті, сабыр мен жауапкершілікті талап ететін ізгі жол. Өзгенің жағдайын түсініп, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылу – адамгершіліктің айқын көрінісі. Төменде біз күнделікті еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген, өз ісіне адал, қызмет алушыларына қамқорлық танытатын үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің мамандарын таныстырамыз.

Нұргүл ЖАҚЫПБЕКОВА,
Жезді кентінің әлеуметтік қызметкері

Нұргүл Түсіпбекқызы Жақыпбекова – өмірінің талай жылын халыққа қызмет етуге арнаған тәжірибелі маман. Жалпы еңбек өтілі – 32 жыл.
Еңбек жолын 1989 жылы Жезді аудандық ауруханасының Жетіқоңыр-Қарақойын учаскелік фельдшерлік-акушерлік пунктінің меңгерушісі қызметінен бастаған. Ал 2004 жылдан бері «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде» әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келеді.
Нұргүлдің бойындағы адамгершілік, мейірімділік пен жауапкершілік оның күнделікті жұмысынан айқын көрінеді. Ол әрбір қызмет алушыға құрметпен қарап, олардың мұң-мұқтажын түсінуге және қолынан келгенше көмек көрсетуге тырысады. Сабырлылығы мен әдептілігі, өз ісіне адалдығы оны әріптестері мен қызмет алушыларының алдында сыйлы маман етеді.

Анар МӘМЕНОВА,
Қарсақбай кентінің әлеуметтік қызметкері

Анар Айтқалиқызы Мәменованың әлеуметтік саладағы еңбек жолы 1997 жылдан басталады. Содан бері, яғни 29 жыл бойы «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде» әлеуметтік қызметкер болып табанды еңбек етіп келеді.
Анардың кәсіби жолындағы басты ерекшелігі – қызмет алушыларға деген шынайы қамқорлығы мен өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы. Ол әр адамның жағдайына түсіністікпен қарап, қажеттіліктеріне ерекше көңіл бөледі. Қызмет барысында сыпайылық пен кәсіби әдепті сақтап, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын.
Әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатып, ұжымдық жұмыстың нәтижелі болуына да үлес қосып келеді. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен тиянақтылығы Анардың өз ісіне деген адалдығын аңғартады.

Төлеукүл ЕСЕКЕНОВА,
Алғабас ауылының әлеуметтік қызметкері

Төлеукүл Әбдіғалиқызы Есекенованың жалпы еңбек өтілі – 27 жыл. Ол еңбек жолында денсаулық сақтау саласында да қызмет атқарып, 1992– 1997 жылдары Жезқазған облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімінде медбике болған. 2004 жылдан бастап «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде» әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келеді.
Медицина саласындағы тәжірибесі мен әлеуметтік қызметтегі біліктілігі Төлеукүлдің жұмысында өзара үйлесім тапқан. Ол қызметтік міндеттерін сапалы әрі уақытылы орындап, қызмет алушылардың мәселелерін шешуде ұтымды шешім қабылдауға мән береді. Жұмысын жүйелі ұйымдастырып, кәсіби білімін жетілдіруге және жаңа тәжірибелерді меңгеруге ұмтылады. Ұқыптылығы, кәсіби жауапкершілігі мен іске деген байыпты көзқарасы оның басты қасиеттерінің қатарында.