Республика күні – ұлттық рухтың мерекесі

Аудандық мәдениет үйінде елімізге еркіндік сыйлаған Ұлттық мереке – Республика күні аталып өтілді. Бұл игі шарада Мемлекеттік Ту, Елтаңба әкелініп, әуезді Әнұран шырқалды. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысып, елдік мәні зор жиында тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтады.

– Республика күні – еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің, бірлігі мен ынтымақтастығының символы. Бұл еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды тарихи белесті айшықтайтын мереке. Сондықтан, осы күн бүкіл еліміз үшін ең қастерлі күн ретінде саналады. Айтулы күні баршаңызды Ұлттық мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сөз соңында Аманжол Батырбекұлы ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға медальдар мен Алғыс хаттар табыстады. Жиында еңбегімен елге танылған азаматтардың есімі ерекше аталды.
Атап айтқанда, Қоскөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесі төрағасы Ақмал Мақашов, Ұлытау ауылдық округінің «Қалиев» шаруа қожалығының иегері Ахметқали Қалиев, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсұт Оспанов, Егінді ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бағдат Қазыбаев, Алғабас ауылдық округінің «Алиасқар» шаруа қожалығының иегері Танатар Сағатұлы, Шеңбер ауылдық округінің клуб үйі меңгерушісі Ғабит Омаров, Терісаққан ауылдық округінің жеке кәсіпкері Смайыл Ахметалин, Ұлытау аудандық отбасы қолдау орталығының басшысы Ноян Жеңісқабаев, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының басшысы Аманбек Сүлейменов, аудандық орталық аурухананың бас есепшісі Жанар Жұмабаева, «Жезбұлақ» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Бейбіт Сайдалин, «Абдухатов» шаруа қожалығының жетекшісі Нұргүл Жұғынова – ауданның қоғамдық – рухани өміріне қосқан еңбектері үшін мерекелік медальдармен марапатталды.
Бұдан кейін аудан әкімінің Алғыс хатына – Аманкелді округінің клуб үйі меңгерушісі Батырлан Ерғалиев, Қаракеңгір ауылдық округінің клуб үйі қызметкері Бауыржан Есімсейітов, Мибұлақ ауылдық округінің өрт сөндіру бекетінің қызметкері Болат Балмахов, аудандық оқушылар үйінің мұғалімі Маржанқұл Сейтмағанбетова, Ақтас кентінің «Байтоғаев» шаруа қожалығының иегері Әмірхан Байтоғаев, аудандық тарихи – өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Светлана Омарова, аудандық полиция бөлімінің капитаны Айдос Сартаев, Қарсақбай кенті әкімі аппаратының қызметкері Гүлнар Батырбекова, Борсеңгір ауылдық округінің ФАП медбикесі Гүлнұр Сарыбаева, №5 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Асқар Қуаныш ие болды.
Мерекелік рәсім барысында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиал төрағасы Мақсұт Оспанов өңірдің дамуына еңбек сіңірген ауыл ардагері Рахима Жантасоваға ҚР Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін, Егінді ауылының әкімі Венера Өсероваға ҚР кәсіподақтар федерациясының Алғыс хатын табыс етті.
Сонымен, Республика күніне арналған шарада адам еңбегі еңбегімен ерекшеленген азаматтарға лайықты құрмет көрсетілді. Кеште жергілікті өнерпаздардың тақырыптық мазмұндағы әндері елдік рухты асқақтатып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.