Орманшылар – марапат тұғырында

Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлер күні. Осы күні «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. Марапаттау рәсімі ауданның мәдениет үйінде өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек қатысып, сала ардагерлерімен, қазіргі таңда еңбек етіп жүрген парк қызметкерлерін мерекесімен құттықтады.
– Орман саласы өңір экологиясын сақтауда, еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Табиғатты қорғау мен орман байлығын сақтау – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды міндеттерінің бірі. Біз, Сіздердің осы бағыттағы істеріңізді, қоршаған ортаны қорғаудағы жұмыстарыңызды, табиғи байлықтарды ұтымды пайдаланудағы іс-әрекеттеріңізді, ұрпаққа жасыл мұра қалдыру жолындағы еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз, — деді Алмаз Қайырбекұлы.
Құттықтау сөзінен кейін аудан әкімінің орынбасары өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан бір топ сала мамандарын марапаттады. Атап айтқанда, «Ұлытау» ұлттық табиғи паркінің экономисі Мәулен Смайлов, парктің табиғи кешендері мен объектілерді молықтыру және табиғат пайдалану бөлімінің басшысы Азамат Бейсалы, парктің табиғат пайдалану инженері Мерген Үрістем, парктің инспекторы Асылан Мұсабеков аудан әкімінің Алғыс хатына иеленді.
Одан кейін табиғатты қорғау жолында еңбек етіп жүрген орман шаруашылығы қызметкерлеріне алғыс айтып, алдағы еңбектеріне толайым табыс тілеген Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Закария Туралиев парк қызметкері Болатбек Қазанғаповқа, парк заңгері Бегалы Көпешке, табиғи кешендерді қорғау және күзету инженері Жанайдар Орынбекке, кадр инспекторы Әйгерім Отарбайқызына Алғыс хат табыс етті.
Өз кезегінде «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директоры Медет Бермағанбетовте еселі еңбегімен ерекшеленген бірқатар парк қызметкерлеріне Алғыс хат табыс етті. Марапатқа иеленгендердің қатарында парк инспекторлары Әмірхан Бейсенбеков, Жасұлан Еркінбаев, Думан Алпысбеков, орман шеберлері Алданыш Әбдібеков, Азат Бірімжанов, Дулат Сұлтанов, парктің қойма меңгерушісі Таңшолпан Зибаденова, парктің радио-операторы Жанар Шотыбасова бар.
Мерекелік кеште парк қызметкерлерінің табиғатты қорғау, орман қорын сақтау және молайту, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық ағарту мен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстары слайд арқылы көрсетілді. Кешті жергілікті өнерпаздар ән-күймен әспеттеп отырды.
Жиын соңында Ұлытаудың тұмса табиғатын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген орманшылардың табиғат алдындағы еңбегін дәріптеу мақсатында арнайы түсірілген «Дала» фильмі көрермен назарына ұсынылды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.