Қазақстанның жаңа даму кезеңі
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституция бойынша өмір сүре бастады. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның күші жойылып, елдің мемлекеттік басқару жүйесі, билік институттары және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жаңа құқықтық негізге көшті.

Бұл өзгеріс – бір ғана заңның ауысуы емес. Конституция – мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің іргетасы. Сондықтан оның жаңаруы елдің саяси құрылымынан бастап мемлекеттік басқару қағидаттарына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктеріне дейінгі көптеген саланы қамтиды.
Жалпы, жаңа Конституцияны қабылдау туралы бастама 2025 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жарияланды. Мемлекет басшысы бұл реформаны бұған дейін жүзеге асырылған саяси жаңғырулардың заңды жалғасы ретінде бағалады. Оның айтуынша, 1995 жылғы Конституция өз кезеңіндегі тарихи міндетін толық орындады. Егемендіктің алғашқы жылдарында мемлекеттілікті қалыптастыруға, саяси тұрақтылықты сақтауға және мемлекеттік институттарды орнықтыруға қызмет етті. Алайда, үш онжылдық ішінде қоғам, экономика және мемлекеттік басқару жүйесі едәуір өзгерді. Соған сәйкес Негізгі заңды заман талабына бейімдеу қажеттілігі туындады.
Жаңа Конституция жобасы бірнеше ай бойы қоғам талқысына ұсынылып, оған азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан мыңдаған ұсыныс түсті. Соңғы редакциясы 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда көпшілік дауыспен қолдау тапты.
Жаңа Конституциядағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – Парламент құрылымының түбегейлі өзгеруі. Бұрынғы Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы жүйенің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды. Реформа авторларының пікірінше, бұл заң шығару үдерісін жеңілдетіп, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Құрылтайдың қызметі заң шығару ғана емес, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға да бағытталмақ.
Жаңа Конституция тағы бір маңызды жаңалықпен ерекшеленеді. Қазақстанда алғаш рет вице-президент лауазымы пайда болды. Бұған дейін Президенттің кейбір өкілеттіктері мен міндеттері әртүрлі мемлекеттік лауазым иелеріне бөлініп келген. Енді олардың бір бөлігі вице-президентке шоғырланды. Бұл мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларда биліктің үздіксіз жұмыс істеуіне құқықтық кепілдік береді.
Конституцияда Қазақстан Халық Кеңесі дербес конституциялық орган ретінде бекітілді. Оның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік саясатқа енгізу және ұлттық деңгейдегі маңызды мәселелер бойынша қоғамдық келісімді қалыптастыру. Кеңеске заң шығару бастамасын көтеру және республикалық референдум өткізуді ұсыну құқығы берілуі оның бұрынғы консультативтік құрылымдарға қарағанда ықпалының күшейгенін көрсетеді.
Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі – енді оған өзгерістер тек республикалық референдум арқылы ғана енгізіледі. Бұл норма Негізгі заңның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни елдің басты құқықтық құжаты енді саяси конъюнктураға байланысты жиі өзгермей, тек халықтың тікелей еркі арқылы ғана толықтырылады немесе түзетіледі.
Жаңа Конституцияның басты идеяларының бірі – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту. Конституцияда алғаш рет «адамға бағдарланған мемлекет» қағидаты айқын көрініс тапқан. Мемлекеттің барлық қызметі ең алдымен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс екені нақты көрсетілген. Сондай-ақ, құқық қорғау жүйесінде маңызды жаңалық енгізілді. Егер ұсталған адамға оның құқықтары мен тағылған айыптың мәні толық түсіндірілмесе, жүргізілген тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы мүмкін. Бұл халықаралық құқықтағы «Миранда қағидасына» жақын келетін құқықтық кепілдік ретінде бағалануда.
Жаңа Конституцияда алғаш рет «Заң және тәртіп» ұғымы негізгі мемлекеттік қағидаттардың бірі ретінде бекітілді. Бұл қағидат құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл қағидаттың Конституция деңгейінде бекітілуі мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығын айқындайды.
Жаңа Конституцияның қабылдануы – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі саяси-құқықтық реформалардың бірі. Құжат мемлекеттік институттардың жаңа моделін қалыптастырып қана қоймай, билік тармақтарының өзара іс-қимылын қайта жүйелейді, қоғамдық қатынастардың жаңа қағидаларын белгілейді және азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін енгізеді.
Әрине, кез келген Конституцияның тиімділігі оның мәтінімен емес, өмірде қалай жүзеге асырылатынымен өлшенеді. Сондықтан, алдағы кезеңдегі негізгі міндет – жаңа конституциялық нормаларды толық іске асырып, заңнаманы соған сәйкестендіру және олардың қоғам өміріне нақты әсерін қамтамасыз ету.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция Қазақстанның жаңа саяси кезеңінің құқықтық негізін қалыптастыратын құжат ретінде бағалануда. Оның түпкі мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, қоғамдық келісімді нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа деңгейін қалыптастыру.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

