Президент: «Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай Қазақстан халқына үндеу жасады. Президент өз сөзінде бұл оқиғаның еліміздің тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі ел үшін айрықша маңызды тарихи оқиға екенін айтты.

– 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық, –
деді Мемлекет басшысы.

Енді Конституция күні «Наурызнама» онкүндігі аясында жыл сайын 15 наурызда атап өтіледі. Саяси құжатта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалды. Білім, ғылым және инновация, мәдениет пен руханият, әділдік және заң үстемдігі саяси құжаттың басты басымдықтары деп көрсетілді.

– Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік пен өрлеу, тазалық пен табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгерістер білім мен ғылымды дамытуға, жастардың әлеуетін ашуға және әр азаматтың құқығын қорғауға негізделген. Жаңа Конституция тек заң емес, еліміздің ертеңіне жасалған нақты қадам болмақ.