Кәсіпкерлермен кездесті
Аудан əкімдігінің мəжіліс залында Ұлытау ауданының əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, облыстық кəсіпкерлер палатасының төрағасы Гүлмира ҚАЖЕНОВА, аудан прокуроры Еркен БАЙМАҒАНБЕТОВ жергілікті кəсіпкерлермен кездесіп, бизнес саласындағы түйткілді мəселелерді талқылады. Еркін форматта өткен басқосуға аудан əкімінің орынбасарлары, салаға қатысты мекеме-бөлім басшылары, аудан кəсіпкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында Ұлытау аудандық кəсіпкерлер палатасының директоры Аманбек Сүлейменов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин, аудандық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аян Еділбаев баяндама жасап, өңірдегі бизнес саласының негізгі көрсеткіштерін жария етті. Сонымен қатар, бизнесті қолдаудың өңірлік тетіктері мен даму бағыттарына тоқталып, бизнес субъектілерінің саны мен кəсіпкерлердің қазіргі жағдайын атап өтті. Одан кейін кəсіпкерлер ашық форматтағы жиынды пікір алмасу алаңына айналдырды. Жиынның осы негізде өткізілуінің де өзіндік мəні бар. Кездесу барысында кəсіпкерлердің өтініштері мен сауалдарына құлақ түрілді. Айталық, кəсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген несиелендіру, инфрақұрылым, жер телімдерін бөлу, мал басына берілетін субсидия, жеңілдетілген жанар-жағар май төңірегінде сұрақтарын қойып, кəсіпкерлерге ортақ мəселені көтерді. Негізінде, бұл кездесуде ашық əңгіме өрбіп, кəсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.
Олардың көтерген мəселесінің шешу жолдары қарастырылды. Əсіресе, өңірдегі шешімін күткен күрделі мəселелер жіпке тізілді. Оның ішінде аудан орталығын газдандыру, ауыз су, кəріз құбырларын бір жүйеге келтіру өзекті мəселе болып, əңгімеге арқау болды. Бұл туралы Ғазиз Дəуітбаев, Нысанғали Бекілдеков, Серікбай Қойшығарин өз сауалдарын қойып, тиісті тұлғалардан тұщымды жауаптарын алды. Кəсіпкерлер үкіметтің жеңілдетілген несиесі, тек, ірі шаруашылықтарға ғана бөлінетіндігін айтып, келешекте бұл механизмді баршаға тиімді жүйеде жүргізу керек деп өз ұсыныстарын да жеткізді. Ілгері басудың ілкімді тəсілдері айтылған басқосуда кəсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаулардың түрлері мен оларға тапсырыс беру тəсілдері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Жиын түйінінде, Ұлытау облысы кəсіпкерлер палатасының төрағасы Гүлмира Қаженова кəсіпкерлер тарапынан көтерілген мəселелер мен ұсыныс-пікірлерді назарға алып, оларды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауға уəде етті.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
