Егіндіде екі нысан ашылды

Егінді ауылында тұрғындар үшін маңызды екі əлеуметтік нысан – жаңа медициналық пункт пен ветеринариялық пункт ел игілігіне берілді. Қос нысанның ашылу салтанатына Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары Алмаз ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ, Ұлытау ауданының прокуроры Еркен ДАСТАНҰЛЫ, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес өкілдері, медицина жəне ветеринария саласының мамандары, сондай-ақ, ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара барысында жаңа нысандардың ашылуы рəсімі өтіп, лентасы қиылды. Жиынға қатысушылар ғимараттарды аралап, мамандарға жасалған жағдаймен жəне нысандардың мүмкіндіктерімен танысты.
Жаңа медициналық пунктінің іске қосылуы ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінде алуға мүмкіндік беріп, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл əсіресе, тұрғындардың денсаулығын тұрақты бақылау, профилактикалық жұмыстар жүргізу жəне қажетті медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін маңызды.
Ал ветеринариялық пункттің пайдалануға берілуі ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін үлкен қолдау болмақ. Нысан арқылы мал дəрігерлік қызметтерді ұйымдастыруға, ветеринариялық-профилактикалық шараларды жүргізуге жəне ауылдағы мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік кеңейеді.
Екі əлеуметтік нысанның қатар іске қосылуы – ауыл инфрақұрылымын дамытуға жəне тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты нəтижесі.
Жаңа нысандар Егінді ауылының əлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға өз үлесін қосатын болады. Ең бастысы, заманауи талаптарға сай ғимараттар ауыл халқының игілігіне қызмет етеді.

Аманкелді АҚШАЛ.