Ауданға арнайы техника мен еуроконтейнерлер табысталды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің тікелей қолдауымен және Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының демеушілігімен жүзеге асқан «Орнықты даму: жаңадан құрылған өңірлердегі теңсіздікті еңсеру» жобасы аясында бүгін Ұлытау ауданында ауданның санитарлық тазалығын жақсартуға, коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды шара өтті.

Іс-шараға Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тиімді басқару департаменті басшысының орынбасары Ботагөз Юсупова және Ұлытау облысы бойынша БҰҰ Даму бағдарламасының жоба үйлестірушісі Қанатбек Зертүймеев қатысты.
Жоба аясында аудан игілігіне құны 57,2 миллион теңге болатын HOWO маркалы қоқыс тасымалдайтын арнайы автокөлік және 15 миллион теңге болатын 50 дана заманауи еуроконтейнер табысталды.
Бұл жоба – халықаралық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы нәтижелі әріптестіктің айқын көрінісін көрсеткендей болды. Жаңа техника мен контейнерлер ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлытау ауданының әкімдігі және коммуналдық сала қызметкерлері жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасына шынайы алғысын білдіреді.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.