Өзекті мәселелер талқыланды
Ұлытау ауданының əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТІҢ төрағалығымен кеңейтілген аппарат мəжілісі өтті. Жиынға мəслихат төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, аудан əкімінің орынбасарлары, бөлімдер мен мекеме басшылары, кент жəне ауылдық округ əкімдері қатысты.

Жиында Сарлық, Пионер жəне Қоскөл елді мекендеріндегі ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары туралы ақпарат берілді. Сарлық жəне Пионер ауылдарындағы жұмыстарды ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Қоскөл елді мекеніндегі жоба 2027 жылы аяқталады деп көзделуде.
Сонымен бірге Бетбұлақ, Сарлық, Жезді, Қоскөл, Мибұлақ жəне Егінді елді мекендеріндегі электр желілерін жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Жоспарға сəйкес, аталған елді мекендерде 713 электр бағаны мен 26,8 шақырым электр желісін ауыстыру көзделген.
Аудан аумағындағы бірқатар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жолдардың сапасы мен жөндеу жұмыстарының барысына қатысты мəселелер де жиын барысында назарға алынды.
Алдағы жылу беру маусымына дайындық мəселесіне де басымдық берілді. Əлеуметтік жəне мəдени нысандарға қажетті көмір қорын уақытылы жеткізу, сондай-ақ жылу беру маусымына дайындық паспорттарын белгіленген мерзімде алу бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұдан бөлек, «Жезбұлақ» коммуналдық мемлекеттік кəсіпорнымен сумен жабдықтау жəне кəріз қызметтерін көрсету бойынша мемлекеттік мекемелердің келісімшарт жасасу мəселесі қаралды. Аудан əкімі келісімшарттарды белгіленген мерзімде рəсімдеу қажеттігін атап өтті.
Мəжілісте Ұлытау ауданындағы мемлекеттік архив пен мекемелердің ведомстволық архивтерінің қазіргі жағдайы туралы да баяндалды. Бүгінде ауданның мемлекеттік архивінде 157 қорда 30 161 сақтау бірлігі жинақталған. Құжаттарды сақтау мен жүйелеумен қатар, оларды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Электронды нұсқадағы құжаттар «Электронды архив» ақпараттық жүйесіне енгізілуде.
Жиын соңында аудан əкімі көтерілген мəселелер бойынша жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды жəне берілген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан аумағында абаттандыру, санитарлық тазалық жəне көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, елді мекендердің тазалығы мен көріктендірілуіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
