Пионер қарбызы – ауылдың берекелі бренді
Пионердің құмдауыт төсінде қарбыздың тарихы бүгін басталған жоқ. Ауылдың үлкендерінің айтуынша, бұл маңда бақша кәсібінің тамыры тым әріде жатыр. Бір кездері сырттан келген диқандар осы жердің топырағына қарбыз дәнін сіңіріп, шөлейт даланың өзінде тәтті өнім өсіруге болатынын көрсеткен. Ел ішінде бақша кәсібін алғаш қолға алғандардың арасында корейлер болғаны да айтылады. Кейін олардың тәжірибесі жергілікті жұртқа тарап, қарбыз өсіру дәстүрі жалғасын тапқан.

Сөйтіп, жылдар өте Пионердің аты қарбызбен астасып, ауылдың өзіне тән бір белгісіне айналды. Бүгінде бұл дәстүрді жалғастырып жүрген жандардың бірі – Иманқұл Ескендіров.
Бұл шаруашылықты ол 2023 жылы қарсақбайлық Ержан Мұсылманбекұлынан қабылдап алған. Жиырма жылға жуық бақша өсіріп, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгерген Ержанның тәжірибесі Иманқұлдың жаңа іске бет бұруына себеп болды. Бір адамның маңдай терімен қалыптасқан кәсіп осылайша екінші қолға өтіп, жердің жадындағы еңбек жалғасты.
Иманқұл Ескендіров бастапқыда 42 гектар жерді жоңышқа егу үшін алған. Жыл сайын қуаңшылықтың күшеюі, малға қажетті жем-шөптің тапшылығы бұл бағыттың маңызын арттыра түскен. Қазір сол жердің бес гектары игеріліп жатыр. Алдағы уақытта жоңышқа алқабын да кеңейту жоспарда.
Дегенмен шаруашылықтың елге танылған негізгі өнімі – қарбыз. Әсіресе «Пионер» қарбызы бүгінде өзіндік атауы қалыптасқан жергілікті брендке айналып келеді.

Қарбыз өсіру сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Бірақ жерге дән түскеннен кейін оның әр күні – есеп. Алқапты бір күн қараусыз қалдырсаң, арамшөп басады. Суды уақытында бермесең, өнімге әсер етеді. Сондықтан бақша шаруасында табиғаттың райын да, жердің бабын да дөп басу қажет.
Жер жыртылады, тырмаланады, жап салынады. Үлдір тартылып, дән себіледі. Одан кейін жаз бойы суару, арамшөптен тазарту, әр түпті күтіп-баптау жұмысы жалғасады.
– Егін егу оңай шаруа емес. Жер жырту, тырмалау, дән салу, су қою, мұның бәрі – үлкен жұмыс. Арамшөп өсірмеу үшін жаз бойы далада жүреміз. Таңғы бестен күн батқанша еңбектенеміз. Сенбі, жексенбі, мереке, той-томалақ дегенді ұмыттық, – дейді Иманқұл Ескендіров.
Бақша шаруашылығында судың орны бөлек. Биыл табиғаттың өзі шаруаға сынақ ұсынды. Жазғы аптап күшейіп, су мәселесі де қиындай түскен. Тоғаннан су ағызатын құбырды тапқанша егістік он күн бойы суарылмай қалған. Оның үстіне биыл тоғанға су толық жиналмаған.
Соған қарамастан, жерден алынған өнім – маңдай тердің өтеуі. Бір гектардан шамамен 2,5 тонна өнім алынды.
Биыл шаруа қияр да егіп көрді. Алайда, оны жинау мен өткізу қарбызға қарағанда күрделірек болған. Сондықтан келесі жылы қияр егуді тоқтатуды жоспарлап отыр.
Бақшадағы ең үлкен мәселенің бірі – жұмыс күші. Ауылда қара жұмысқа адам табу барған сайын қиындап барады. Әсіресе жастардың мұндай еңбекке қызығушылығы төмен.
Алайда, Иманқұл Ескендіров бұл кәсіптің келешегін отбасы арқылы жалғастыруға ниетті. Үлкен ұлы келесі жылдан бастап әкесімен бірге егін егуге бел буып отыр.
– Үлкен ұлым келесі жылы осы шаруашылыққа ден қойып, бірге егемін деп отыр. Онда жердің көлемін ұлғайту керек. Игерілмей жатқан жерлер бар. Тамшылатып суару жүйесіне көшуді жоспарлап жүрмін, – дейді ол.
Бұл жоспардың жөні бар. Өйткені ауыл шаруашылығында көлем ұлғаймайынша, табысты да арттыру қиын. Жердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, суару жүйесін жетілдіру – шаруашылықтың келесі кезеңдегі басты бағыттарының бірі.

Өнім негізінен қала тұрғындарына өткізіледі. Ал жазғы демалыста немерелері де атасының кәсібіне қолғабыс етеді. Үйдің алдында қарбыз сатып, өз еңбектерінің алғашқы нәтижесін көріп жүр. Бұл – бір қарағанда қарапайым ғана көрініс. Бірақ оның тәрбиелік мәні зор. Өйткені бала еңбекпен табылған нанның қадірін ерте сезінсе, маңдай тердің бағасын да жақсы түсінеді.
Иманқұл үшін ауыл шаруашылығы – тек күнкөрістің көзі емес. Оның туған жерге деген бала күнгі арманы да осы тірлікпен сабақтасып жатыр. Зейнетке шыққан соң ауылға келіп, оның айналасын тал-терекке орау – бала кезден көкейінде жүрген арманы.
Бүгінде сол арманның бір ұшы жерді игеруден көрініс тапқандай. Бір жағында – жоңышқа алқабы, бір жағында – қарбыздың қара топыраққа тамыр жайған сабағы. Әр түптің түбінде шаруаның бірнеше айлық еңбегі жатыр.
– Бір жаз бізге көмекке келіп, кәсіптің қыр-сырын үйренуге болады. Жалқау болмаса, еңбегінің жемісін көреді. Табыс туралы айтсам, бала-шағаға қол жаймай жүруге жетеді. Бірақ табыс табу үшін үлкен көлемді игеру керек, – дейді Иманқұл Ескендіров.
Шаруаның сөзі қарапайым болғанымен, астарында ауыл тіршілігінің үлкен шындығы жатыр. Жер бос жатса – береке де өнбейді. Ал еңбекпен игерілген жердің әр түйір топырағы несібеге айналады.
Бәлкім, Пионердің қарбызының дәмінің өзгешелігі осыдан шығар. Оның тәттілігінде даланың аптабы мен топырақтың нәрі ғана емес, таңғы бестен басталған бейнеттің, су күткен алқаптың, маңдайдан аққан тердің дәмі бар.
Кезінде бұл жерге келген алғашқы диқандардың дәнінен басталған дәстүр бүгінде жаңа буынның қолында жалғасып келеді. Ержаннан Иманқұлға өткен кәсіп енді оның ұлына жалғаспақ. Осылайша, жердің қасиеті мен еңбектің өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, Пионердің қарбызы ауылдың өзіндей бір тарихқа айналып барады.
Альмира ОСПАН.
