Ауылдың ақ дастарқаны – қала төрінде
Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері облыс орталығындағы жəрмеңкеде жергілікті өнімдерін ұсынды. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жəрмеңкесі өтіп, оған Ұлытау ауданының бірқатар шаруашылықтары белсенді қатысты. Қала тұрғындарына ауданнан арнайы жеткізілген ет, сүт өнімдері мен өзге де азық-түлік тауарлары ұсынылып, ауыл еңбегінің берекелі нəтижесі көпшілік назарына ұсынылды.

Жəрмеңке – ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын тиімді алаң. Мұнда тұрғындар өнімді делдалсыз сатып алуға мүмкіндік алса, шаруалар өз еңбегінің жемісін кеңірек таныстырып, жаңа тұтынушылармен байланыс орнатады. Ұлытау ауданының шаруалары да осындай мүмкіндікті белсенді пайдаланып, дастарханға дайын сапалы өнімдерін алып келді.
Жəрмеңке сөрелерінен ет пен сүт өнімдері, құрт, май, қаймақ, ірімшік секілді ұлттық тағамдар мен басқа да азық-түлік түрлерін кездестіруге болады. Əсіресе, заманауи əрі тартымды қаптамаға салынған сүт өнімдері сатып алушылардың назарын аударды. Ұлттық тағамды заманауи үлгіде ұсыну – ауыл өнімінің бəсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оның жаңа тұтынушыға жол табуына да ықпал етеді.

Жəрмеңкеде Ұлытау ауданының Пионер ауылында өсірілген қарбыздың жөні бөлек болды. Даланың ыстығы мен суын талғамай, маңдай термен өсірілген тəтті өнім қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды. Жергілікті жерде піскен қарбыздың дəмін татып көрген жұртшылық оң бағасын берді.
Пионер ауылының қарбызы бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы əлеуетін танытатын өнімдердің біріне айналып келеді. Бір қарағанда қарапайым ғана қарбыздың ар жағында көктемнен күзге дейінгі тынымсыз еңбек жатыр. Жерді дайындау, тұқым себу, суару, күтіп-баптау, өнімді жинау – мұның бəрі шаруадан төзім мен жауапкершілікті талап етеді.
Жəрмеңкеде ауыл өнімдерінің сұранысқа ие болуы – жергілікті шаруалардың еңбегіне берілген бағаның бір көрінісі. Əсіресе, табиғи өнімге деген тұтынушы талабы артып отырған уақытта ауылдағы шағын жəне орта шаруашылықтардың өндірісін дамыту, өнім сапасын көтеру жəне оны тиімді өткізу маңызды.
Бүгінде ауыл шаруашылығы тек өнім өндірумен шектелмейді. Өндірілген өнімді дұрыс таныстыру, сапалы қаптау, тұтынушыға ыңғайлы түрде ұсыну да кəсіптің ажырамас бөлігіне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, жəрмеңке аудан шаруалары үшін өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, нарық талабын бағамдайтын мүмкіндік болды.

Ауылдың берекесі – еңбекте. Жерден нəсібін тауып, төрт түлігін түлетіп, маңдай терімен өнім өндіріп отырған шаруалардың еңбегі осындай жəрмеңкелерде көпшілікке көрінеді. Ал қала төріне жеткен ауыл өнімі – ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтатын, жергілікті кəсіпті қолдауға жол ашатын маңызды көпір.
Ұлытау ауданы шаруаларының облыс орталығындағы жəрмеңкеге қатысуы – өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің əлеуетін танытып қана қоймай, жергілікті өнімді дəріптеудің де жақсы үлгісі болды. Дастарханға қойылған əрбір өнімнің артында еңбек, төзім мен береке бар. Сондықтан табиғи, таза ауыл өнімінің маңызы ешқашан төмендемейді.
Альмира ОСПАН.
