Шешімін табатын мәселелер талқыланды
Мибұлақ ауылында өткен маңызды кездесу барысында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауыл тұрғындарымен жүздесіп, облыс басшысының қолдауымен аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар мен биылға жоспарланған жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді. Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты қадамдармен байланыстырылды.

Кездесуде сөз алған Мибұлақ ауылдық округінің әкімі Сағындық Дәндібаев атқарылған жұмыстар туралы толық есеп беріп, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарды. Ол ауылдағы инфрақұрылым, әлеуметтік жағдай және тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты атқарылған істерді тізіп өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы да ақпарат берді.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, ветеринария, денсаулық сақтау, жол құрылысы және тұрғын үй саласы сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Әр сала бойынша тиісті сала басшылары мен мамандары тұрғындарға түсіндірмелер беріп, шешімін табуы тиіс мәселелерді нақтылап көрсетті. Ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуы, шаруа қожалықтарының міндеттері мен мемлекет тарапынан қолдау шаралары жайлы да айтылды.
Жиында ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді әрі мақсатты пайдалану қажеттігі кеңінен түсіндірілді. Пайдаланылмай жатқан жерлердің заң талаптарына сәйкес, мемлекет меншігіне қайтарылатыны ескертілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар туралы толық ақпарат берілді. Бұл жеңілдіктер ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына мол мүмкіндік сыйлайды.
Сондай-ақ, ауылдағы орта мектептің материалдық-техникалық базасының талапқа сай екені атап өтілді.
Дегенмен, қазіргі таңда мектепте тек 40-қа жуық оқушы ғана білім алып жатқандығы, ауыл үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оқушылар санының аздығы ауылдың болашағына тікелей әсер ететін фактор ретінде көрінеді. Осы орайда, ауылға жас мамандарды тарту, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауылға жас мамандарды тарту мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірленетінін жеткізді. Ауылға келген әрбір жас маманға қолайлы жағдай жасау – тек мемлекеттік қолдау шаралары арқылы емес, жергілікті тұрғындар мен ірі шаруа қожалықтарының да белсенді атсалысуы маңызды екені ерекше айтылды. Бұл өз кезегінде ауылдың дамуына және оның болашағына оң әсерін тигізеді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының белсенділігі мен ынтымақтастығының маңызы да айтылды. Ауылдағы мәселелерді шешу үшін тек мемлекеттік қолдау ғана жеткіліксіз екенін түсінген әкімдік, жергілікті тұрғындар мен бизнес өкілдерінің де бұл үдерістерге араласуын күшейту керек екендігін атап өтті. Әрбір ауыл тұрғынының болашаққа деген сенімі мен іс-әрекеті маңызды.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков көтерілген барлық мәселелердің назарға алынатынын және кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Оның айтуынша, тұрғындар мен әкімдік арасындағы тығыз байланыс, бірлескен күш-жігер арқасында ауылды дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарылмақ. Аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстар мен жоспарлар тек тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, ауылдың экономикасын дамытуға да бағытталады.
Бұл кездесу – Мибұлақ ауылында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың тағы бір дәлелі. Аудан әкімі мен ауыл басшыларының мұндай шараларды тұрақты өткізуі ауылдың әлеуметтік, экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Тұрғындардың көтерген мәселелері мен ұсыныстары нақты іс-шараларға айналуы керек және бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың тұрақты жұмысы жалғасатын болады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
