Есет Байкен Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Есет Байкен Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді.

Алдымен қала әкімі Айқын Қылышев 2026 жылғы даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстарды баяндады. Одан кейін облыс әкімі өңірдегі негізгі көрсеткіштерге тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

«Қаражал – өңіріміз үшін маңызды қалалардың бірі. Қаланың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді Есет Байкен.

Қаражал мен Жәйремде қандай жұмыстар атқарылады?

Облыс әкімі Жәйремдегі аурухананы жаңғырту, қосымша ғимарат салу және екі жедел жәрдем көлігін беру жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар, «Өркен-Атасу» АҚ-мен келіссөздер нәтижесінде 2027–2028 жылдары 150 орындық балабақша салу көзделіп отыр. Жәйремге газ тарту жұмыстарын биыл бастау жоспарланған.

Қаражал қаласының кіреберісі абаттандырылып, Qarmet және ERG компаниялары өндіріс көлемін арттыру бойынша жұмыс жүргізеді.

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 198 млрд теңгеге, негізгі капиталға салынған инвестиция 66 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.

Жалпы құны 212,5 млрд теңге болатын алты инвестициялық жобаны іске асыру және 925 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Әлеуметтік салада мектептерді жөндеу, жаңа білім беру нысандарын салу, медициналық қызмет сапасын арттыру және дәрігерлер тарту жұмыстары жалғасуда.

Инфрақұрылым бағытында жолдарды жөндеу, газдандыру, электр және кәріз желілерін жаңарту шаралары қолға алынған. Жәйремді газдандыру жұмыстары шамамен 90%-ға орындалды. Ақтай шағын ауданында электр желілерінің құрылысы аяқталып, 68 тұрғын үй, мектеп пен мешіт желіге қосылды.

Қаланы абаттандыру аясында ағаш отырғызу және саябақтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қаражалда жабық жүзу бассейні мен «Горняк» стадионы пайдалануға берілді. Жаңа спорттық және мәдени нысандардың құрылысы да жалғасуда.

2027 жылы жолдарды жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыру жоспарланған. Негізгі мақсат – қаланың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

Кездесуде тұрғындар жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру және әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелерді көтерді. Облыс әкімі жауапты органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Тұрғындармен кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыстық басқарма басшылары да тұрғындардың өтініштерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.