Ашық диалог – ортақ шешімнің бастауы

Халықпен тікелей байланыс орнатып, елді мекендердегі өзекті мəселелерді жергілікті жерде зерделеу – аудан əкімдігі жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта аудан əкімі Аманжол Мырзабеков Амангелді ауылдық округіне жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдаудың басты ерекшелігі – тұрғындардың өзекті мəселелерін тікелей аудан басшысына жеткізіп, олардың шешілу жолдарын бірге талқылауға мүмкіндік берілуі. Кездесу барысында ауыл халқын толғандырған бірқатар əлеуметтік жəне тұрмыстық мəселелер көтеріліп, əр ұсыныс пен пікір назарға алынды.
Тұрғындар өздерін алаңдатқан мəселелер бойынша сауалдарын қойып, елді мекеннің дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан əкімі азаматтардың талап-тілегін мұқият тыңдап, көтерілген мəселелердің əрқайсысы тиісті деңгейде қаралатынын атап өтті.
Аманжол Мырзабеков мəселелердің барлығы бір мезетте шешіле бермейтінін, алайда əр бағыт бойынша нақты жұмыс жоспары жасалып, мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұл ретте тұрғындармен кері байланысты тұрақты сақтау мен қабылданған шешімдердің орындалуын бақылаудың маңызы зор екеніне тоқталды.
Қоғамдық қабылдаудан кейін аудан басшысы ауылдағы бірқатар əлеуметтік жəне инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Алдымен салынып жатқан футбол алаңының құрылыс барысы қаралды. Аталған нысанның ауыл жастары мен балаларын спортқа баулуда маңызы зор. Заманауи спорт алаңының бой көтеруі тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортты дамытуға жəне жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік бермек.
Аудан əкімі құрылыс жұмыстарының сапасына, белгіленген талаптардың сақталуына жəне нысанды пайдалануға беру мерзімдерінің орындалуына назар аударды. Жауапты мамандарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Сапар барысында мектептің қазіргі жай-күйі де зерделенді. Білім беру нысанының жағдайы, оқу процесіне қажетті жағдайлар жəне мектептің материалдық-техникалық базасына қатысты мəселелер қаралды. Ауыл балаларының сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау – елді мекеннің əлеуметтік дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі.
Аудан басшысы ауылда жаңадан салынған ветеринариялық пункттің жұмысымен де танысты. Ветеринариялық қызметтің ауыл шаруашылығы үшін маңызы ерекше. Мал шаруашылығы негізгі кəсіптің бірі саналатын елді мекендерде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мал ауруларының алдын алу жəне тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыру – тұрақты назарды қажет ететін бағыт.
Жаңа ветеринариялық пункттің іске қосылуы мамандардың өз міндеттерін тиісті жағдайда атқаруына мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындарына көрсетілетін ветеринариялық қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Аудан əкімі ветеринария саласына көрсетіліп отырған қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты.
Жұмыс сапары барысында Амангелді ауылдық округіндегі сайлау учаскесінің дайындығы да тексерілді. Аудан басшысы нысанның тиісті талаптарға сəйкестігіне назар аударып, азаматтардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілуі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық округ əкімдігі ғимаратының жағдайы қаралды. Нысанның қазіргі жай-күйі, қызметкерлердің жұмыс істеуіне жасалған жағдай жəне ғимаратты күтіп ұстауға қатысты мəселелер зерделенді.
Мұндай жұмыс сапарларының басты мақсаты – елді мекендегі жағдайды жергілікті жерде көзбен көріп, мəселелердің нақты жай-күйін бағалау. Бұл өз кезегінде шешім қабылдау кезінде тұрғындардың қажеттілігін ескеруге жəне жауапты салалар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша аудан əкімі жауапты сала басшылары мен тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстау, құрылыс жəне əлеуметтік нысандарға қатысты мəселелерді жүйелі түрде шешу, сондай-ақ тұрғындар көтерген ұсыныстардың орындалу барысын назардан тыс қалдырмау міндеттелді.
Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог – елді мекендердің тұрақты дамуының маңызды тетігі. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, мəселелерді нақтылау жəне олардың шешілу барысын бақылау арқылы халық пен мемлекеттік орган арасындағы өзара сенім нығая түседі. Амангелді ауылдық округіндегі жұмыс сапары да осы қағидаттың нақты көрінісі болды. Қоғамдық қабылдауда тұрғындардың мəселесі тыңдалып, ауылдағы маңызды нысандардың жағдайы зерделенді. Ендігі міндет – көтерілген мəселелерді сөз күйінде қалдырмай, нақты іспен нəтижелеу.
Ауылдың ажары мен тұрғындардың тұрмыс сапасы – атқарылған жұмыстың басты өлшемі. Сондықтан əрбір нысанның сапалы салынуы, инфрақұрылымның дамуы жəне халықпен тұрақты кері байланыстың сақталуы ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етпек.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.