Ақынға – ақындардың ақ пейілі

КҮТУ
(Мұқашқа)

Тексеріп тергесеңіз түп атасын
Ұлытаудың бұлағы мен бұтасы ақын.
Өлеңі өмірімен тұтасатын
Сол елдің баласы едің, Мұқаш ақын.

Демейсің «өгіз өлді, арба сынды»,
Өлеңнен басқаға имей өр басыңды,
Қорғасындай ойлардың ортасында
Мекендеп келе жатсың «Қорғасынды».

Сен онда жүрген жоқсың қарынды ойлап,
Болады дарындардың бәрінде айбат.
Дәуренің жүрген кезде дара шауып
Еліңе олжа салдың «дәридайлап».

Елемей екендігін қолдың қысқа
Өлеңмен сілтеуші едің жолды ұлысқа.
Ұлытаудың ойында жүрген ақын
Ұлтыңның ұлдарына болдың нұсқа.

Биліктен қалдың бірақ үлес алмай,
Талантта тағдыр болар, міне, сондай.
Даңқың мен дауысыңа қалып еді
Басқа емес, домбыраң да ілесе алмай!

Жатырсың мүшеліңді, сірә, тойлап,
Тойлауда да бар шығар мұрат әйбат.
Біз әлі тосып жүрміз – айтыстардың
Алаңына шығар деп бір атойлап!

Жүрсін ЕРМАН.

***

ҰЛЫТАУ мен ҰЛАР
(Дәридайға)

Жүзін қия, қиянға бұратын бір,
Кеудесінде – керемет, сұрапыл жыр,
Ұлытауда Ұлар жүр көзге түспей,
Сол Ұлардың қасында бір ақын жүр…

Жұрты бірдей көреді мұны таумен.
Құны таумен бірдей-ді, үні – таумен.
Ұлы көшке ілеспей, жұртта қалған,
Ұлар ғана қасында –
Ұлытаумен!

Өңі сынды, бұл өзі – түс дегенмен,
Ұлытаудың үстінде ұшты өлеңмен.
Ұларының көзіне түссе – болды,
Алматының көзіне түспегенмен.

Атыраудан – Алтайға ұшамын ба? –
Қыранға емес, Ұларға ұсадым ба?
Ол құшақтап боздайды кейде Ұларын,
Ұлар да оның өксиді құшағында…

Ұмсынып бір, ұмтылмай бола алмасқа,
Басқа шыңға серт берген қона алмасқа!
…Ұлытауда Ұлармен бір боздаған,
Дүнияда ақын жоқ одан басқа!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
30.10.2017.

***

ҰЛЫТАУ ҰЛЫ
(Мұқашқа)

Тірлік біткенге тамыр беремін,
Сорым да өлеңім,
бағым да өлеңім.
Мұқаш бауырым сәлем жолдапты
Мұңайып жүрген шағымда менің.

Өмipде, білсең, сыры көп думан,
Жүректің содан жыры көп қуған.
Дариға көңіл «дәридай» ақын –
Ұлытауының ұлы боп туған.

Шаппайтын кезде шаба салатын,
Таласар жерде таласа алатын.
Алқам да салқам қалпымен осы
Арқаға ғана жарасар ақын.

Жан емес едің жыртық ұғымы,
Ояттың бүгін түртіп ініні.
Ұлытау деген ұлтым ғой менің,
Ұлытау ұлы –
Ұлтының ұлы!

Жыр болып жастан жаңғырып едің,
Шапқан жеріңді шаң қылып едің.
Тайжаннан кейін Ұлытауымнан
Айтысқа түскен даңғылым едің.

Ақынын ұққан асыл деп елім,
Сендермен жаңа ғасырға енемін.
Алматы келсең,
алдымен, Мұқаш,
Көзіңмен сүйдің жасыл желегін.

Жанына cepiк жастан иманы,
Ақынның біздер аспанилары.
– Мұқаш қайда? – деп сұрайды жиі
Жетісу жақтың жас қайыңдары.

Сары далам – сайран,
сазды мекенім,
Түргенде самал жаздың етегін.
Ақын досымды іздеп барам да
Ұлытауыма тағзым етемін.

Сағынар жанды сағына алатын,
Намысын тасқа жанып алатын.
Ұлы бесікте мәңгі тербелер
Мұқаш бауырым – бағы бар ақын…

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.

***

МҰҚАШҚА

Сөз сөлі ескірмейтін,
Ешкімге дес бермейтін.
Дүр Мұқаш бап таңдамас,
Дәсерсіз төске өрлейтін.
Теңдессіз сөзмергенім,
Абырой – өңгергенің.

«Дәридай» – дәуір діңі,
Өзгерме, көзкөргенім.
Жетіп тұр демің – күшің,
Жүз жаса елің үшін.
Жігерлі жыр жасынды
Жиірек желіге ұсын!

Қайырбек СӘДУАҚАСОВ,
04.04.2024.

***

БІЗДІҢ МҰҚАҢ – ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАНЫ

Шың басында шаңқылдаған қыраны,
Қырқасында сылқылдаған бұлағы.
Жағасында жайқалған көк құрағы,
Баурайында арқар, киік ойнаған,
Біздің Мұқаң – Ұлытаудың ұланы!

Біздің Мұқаң – Ұлытаудың ұланы!
Ұлытаудың қыранындай қырағы.
Туған жердің төсіндегі әр тасы,
Бұл Мұқаңның мойнындағы тұмары.

Біздің Мұқаң – Ұлытаудың ұлтаны,
Ұлытаусыз атқан емес бір таңы.
Қазағына қалқан болған қаһарман,
Қара қыпшақ Қобыландының ұрпағы.

Бүгінгінің Ақан сері, Біржаны,
Біздің Мұқаң – сырлы сөздің сұлтаны!
Ақ батасын алған ақын халықтан,
Тұла бойы жаралғандай шабыттан.

Алматыда домбырасыз айтысып,
Ұлытауын Алты Алашқа танытқан.
Домбырасыз жыр айтуды дамытқан,
Қазағым деп қапаланған, қамыққан.

Біздің Мұқаң киіз үйден ән салса,
Қыз-қырқындар сығалайтын жабықтан.
Өнеріне жоқ ешкімнің таласы,
Айтыстағы ақтаңгердің дарасы.

Алатаудан «дәридайлап» ән салса,
Тербелетін Сарыарқаның даласы.
Тұлпар мініп, ту көтерген бабасы,
Қойлыбай мен Әнуардың ағасы,

Тарам-тарам тар жолында тірліктің,
Жауларына жыртылмаған жағасы.
Экраннан «дәри-дайлап» ән салса,
Қуанатын күллі қазақ даласы…
Уанатын бесіктегі баласы.

Айтушы еді «Алтын ұям – Шеңбер!» деп,
Шайырына Шеңбер елі дем бермек.
Айтыстарда «дәридайлап» отырып,
Талайларды тастаушы еді шеңгелдеп.

Пір тұтатын сөз зергері Абайды,
Өмірге де Абай көзбен қарайды.
Айтыстарда домбырасыз, мақамсыз,
Тентіреп жіберетін талайды.

Бүгін думан Ұлытаудың алабы,
Ұлытауда тойдың оты жанады.
Ағайыннан адасқандар бар болса,
Бірін-бірі осы тойдан табады.

Біз осылай құрметтейміз ағаны,
Талайларды тамсандырған талабы.
Мұқаш деген Ұлытаудай ұлы елдің,
Көздегенде мүлт кетпейтін садағы.

Өзге ақын қалмаса да айтыстың,
Тарихында «Дәридай!» боп қалады.
Құтты болсын, Мұқаш аға, 70-ің,
70-те де өң бермесін бет-пішін!

Сылдыр сөзді соза беріп қайтейін,
Ата көрген, бата көрген тектісің.
Жүрегімді жарып шыққан жырымды,
«Ініңіздің ілтипаты!» деп түсін…

Серік ҚҰСАНБАЕВ,
03.04.2026.

***

ОЙЫҢ СҮТТЕЙ АҚ ЕДІ,
СӨЗІҢ – ҚАЙМАҚ…

Жар салмайтын өнерін, еңбегін де,
Жандар бар ғой беймәлім елге мүлде…
Ғұмыр кешкен момындау бір ағам бар,
Алыс ауыл – Ұлытау Шеңберінде…

Тірлігінде қылған соң Арын – байрақ,
Кім елесін елеусіз қамыңды ойлап…
Сонау жылы Жүрсіннің айтысында,
Атқа қонды сол ағам «Дәридайлап».

Ақын үшін үміт пен сенім қызық,
Өнер – бәйге, бақ сына, теріңді үзіп.
Алыс, алыс сапарға шықты ағамыз,
Шағын ауыл Шеңбердің шебін бұзып…

Аламаннан олжалы келді ақыры,
Жетіп жатты жырымен елге ақылы.
Айтыскердің айналды абызына,
Шағын ауыл Шеңбердің шерлі ақыны…

Мұқаш ақын өнерде өрледің бе,
Көп екен ғой көргенің көрмегіңде…
Нар тәуекел сол жылы жасамасаң,
Өлең өксіп қалар ед Шеңберіңде…

Сен қалмадың өлеңнің бағын байлап,
Ойың сүттей ақ еді, сөзің – қаймақ…
Алты Алашты армансыз сусындаттың,
Дариядай жырыңмен «дәридайлап!».

Тым арзандап кетсе де құны бүгін,
Сен көтердің өнердің ұлы жүгін…
Мұқаш ақын жасай бер, жарқырай бер,
Ұлытаудың паш етіп ұлылығын!

Қойлыбай АСАН.