«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Жуырда өңір басшысы Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен салтанатты жиында республикалық референдумның жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосқан бір топ азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етілді. Солардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жиында облыс әкімі Дастан Рыспеков марапат иелерінің елдің саяси өміріндегі маңызды шараға қосқан үлесін атап өтті.
– Референдум – ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды саяси қадам. Осы науқанның жоғары деңгейде өтуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Әрі қарай да еліміздің саяси өміріне аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін, – деді аймақ басшысы.
Орайы келгенде айта кетейік, марапат иелері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

«Ulytau» ақпарат.