Тұрғындар тілегі – назарда

Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков Сарысу ауылдық округінің тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізіп, жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамалар жан-жақты баяндалып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілді.

Қабылдауға ауылдың ақсақалдары мен тұрғындары қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әрбір сұрақ аудан әкімі тарапынан назардан тыс қалмай, тұрғындарға толық жауаптар берілді. Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – жергілікті халықтың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдау, оларды шешудің жолдарын қарастыру болып табылады.
Қоғамдық қабылдау барысында Сарысу ауылдық округінің тұрғындары бірнеше өзекті мәселелерді көтерді. Олардың бірі – шабындық жерлерге (лиман) қатысты шлюздерді жөндеу және ауыл әкімдігінің балансына өткізу қажеттілігі болды. Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков бұл мәселе бойынша арнайы барып, шлюздердің қазіргі жай-күйімен танысып, тиісті жұмыстарды қолға алуға шешім қабылдады. Бұл мәселе тұрғындардың ауыл шаруашылығы жұмыстарын тиімді жүргізуіне ықпал етері сөзсіз.
Сарысу елді мекенінде соңғы екі жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдың ішкі көше жолдары толықтай жаңартылып, тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалды. Сонымен қатар, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, сапалы су жеткізу мәселесі шешілді. Бұл тұрғындардың күнделікті өмірін айтарлықтай жеңілдетіп, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға үлкен септігін тигізді.
Өткен жылы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету басталды. Бұл медициналық мекеменің іске қосылуы ауыл халқының денсаулығын сақтау мен медициналық көмекке қолжетімділігін арттырды. Сонымен қатар, электр желілері кезең-кезеңімен жөндеуден өткізіліп, энергия жүйесінің тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Өрт сөндіру бекеті іске қосылып, қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да оң ықпал етті.
Сарысу ауылына дейінгі автокөлік жолының жөнделуі – соңғы жылдардағы ең ірі жобалардың бірі болды. Бұл жоба ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін облыс орталығына тасымалдауды жеңілдетіп, экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік берді. Аталған жол құрылысы биыл толық аяқталып, ел игілігіне берілуі жоспарлануда. Бұл, өз кезегінде, ауылдың экономикалық жағдайын жақсартып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа шығу мүмкіндігін арттырады.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков алдағы уақытта да Сарысу ауылдық округінде тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатынын айтты. Ауылдың инфрақұрылымын жетілдіру, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында көптеген жаңа бастамалар жоспарланып отыр.
Сайып келгенде, Сарысу ауылдық округінің қоғамдық қабылдауында тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелері тыңдалып, оларды шешу жолдары анықталды. Бұл кездесулер аудан әкімі мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етіп, ауылдың даму жолындағы маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта да осындай шаралар арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.