Еңбек министрлігі А және В санатына қандай отбасылар кіретінін түсіндірді
А және В санаттарына әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасылар кіреді. Бұл санаттарды анықтаған кезде бірнеше көрсеткіш бірге қаралады: отбасының қаржылық жағдайы, бірнеше жылжымайтын мүліктің, қымбат көліктің, жеке бизнесі және жер учаскелерінің болуы.

Отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс деңгейі күнкөріс минимумының 7 еселенген мөлшерінен басталуы ескеріледі. Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады.
Жеке пәтердің, көліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын ауқатты деп тануға негіз болмайды. Отбасының түпкілікті санаты барлық мәліметті жиынтық түрде бағалау арқылы анықталады.
Азаматтар өздері және отбасы туралы мәліметтерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Егер ақпараттан қате анықталса, оны тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар жаңартуы тиіс.
Айта кететіні, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты негізге алынады.
