Ұлытау көрмесі – Астанада
Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің қолдауымен Елордада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің əскери тарихи музейінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орда» кезеңінің тарихи-мəдени мұрасы» тақырыбында көрме өтті. Оған «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейі қатысып, астаналықтарды, басқа да меймандарды көшпелі көрме жəдігерлерімен, Жошы ұлысының тағылымды тарихымен тереңдете таныстырып, тəмам жұртты тамсандырды.
Көрмеге «Алтын Орда» кезеңіне жататын кесенелердің безендірілген кірпіштері, сол кезеңдегі тарихи тұлғалардың балауыз мүсіндері, Жошы хан мазарының құббасы, Сарайшық қаласынан табылған құмыралар мен ыдыс-аяқтар, ортағасырлық бірегей монеталар, сондай-ақ, тарихи қолжазбалардың көшірмелері, карталар мен картиналар, Жошы ұлысының тарихына қатысты кітаптар жəне тағы басқа да құнды жəдігерлер қойылды.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейінің директоры Əлібек Күзербаевтың айтуынша, ұйымдастырушы тарап көрменің өтуіне қолдау көрсетіп, оған қатысушыларға да мол мүмкіндік тудырған сыңайлы. Осыған қарағанда, «Алтын Орда» дəуіріне жататын оннан астам тарихи ескерткіштердің Ұлытау жерінде сақталғанын фотосуреттер арқылы көрмеде көрсету мақсатында өткізген іс-шаралары көңілден шыққан сияқты. Соның аясында «Ұлытау» қорық-музейінің қызметкерлері көрмеге жиналған барлық қатысушыларға Қазақстанның тарихи жəне географиялық орталығы саналатын ұлт ұясы – Ұлытаудың Жошы ұлысы тарихынан сыр шертетін тарихи-мəдени мұраларының аса зор маңызға ие жақтарын егжей-тегжейлі таныстырыпты. Əсіресе, көрмеде «Ұлытау» қорық-музей қызметкерлері «Алтын Орда» кезеңінің тарихи-мəдени мұрасын кең тұрғыда көрсете білуі, көңіл қуантарлық іс.
– Осы жолы сəтін салып өз пайымдауымызда жер кіндігі саналатын киелі Ұлытаудағы тарихи-мəдени мұраларды көбірек насихаттадық. Ең бастысы, көрмені тамашалаушылар біршама жайтқа қанықты, тиісінше қызығушылық танытты. Бұл көрмеге Қазақстандағы басқа да музей-қорықтарын да шақырдық. Соның бірі – Сарайшық мемлекеттік тарихи-мəдени музейі. Олар да өз жəдігерлерін əкеп қойды. Сонымен қатар, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі, Жезқазған қаласындағы Қаныш Сəтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей қызметкерлері де «Алтын Орда» тарихына қатысты жəдігерлерін əкелді. Көрмеміз қараша айының 23-іне дейін жалғасады. Біздің жұмысымыз – Жошы ұлысының көне жəдігерлерін елге көрсету, – дейді «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының директоры Əлібек Күзербаев.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.