«Тергеуші» төңірегіндегі тағылымды әңгіме
Ұлытау аудандық орталық кітапханасында жазушы, баспагер, филолог Арман ӘЛМЕНБЕТПЕН мазмұнды кездесу өтті. Рухани басқосудың негізгі өзегі – қаламгердің оқырман ықыласына бөленген «Тергеуші» романы.

Қазақ әдебиетінің детектив жанрына өзіндік жаңалығымен келген шығарма әдеби ортада жоғары бағаланып, осы еңбегі үшін Арман Әлменбет 2025 жылы «проза» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы әдеби сыйлығына ие болған еді.
«Тергеуші» төңірегіндегі тартымды кездесуге ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары, кітапхана оқырмандары және жазушының сыныптастары қатысты. Кештің шымылдығын Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов ашып, қаламгерге ізгі тілегін білдірді.
Басқосуда жазушының шығармашылық жолына арналған жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнесюжет көрермен назарына ұсынылды.
Кешті модератор Сандуғаш Ерғазықызы жүргізіп, жазушыға шығарма төңірегінде мазмұнды сауалдар қойды. Арман Әлменбет романның жазылу тарихы, кейіпкерлердің прототиптері, сюжеттік желінің қалыптасуы және алдағы шығармашылық жоспарлары жайында кеңінен әңгімеледі. Оқырмандар да көкейдегі сұрақтарын қойып, қаламгермен еркін пікір алмасты.
Әңгіме барысында жазушы «Тергеушіні» жазу кезінде шығарманың көркемдік деңгейін көтеру үшін тақырыпты терең зерттегенін атап өтті. Оқырманды құрғақ дерек пен күрделі терминдерге жалықтырмай, қызықты әрі салмақты дүние ұсынуға ұмтылғанын жеткізді.
Қаламгердің айтуынша, шығармадағы қылмыс – оқиғаның сыртқы желісі ғана. Негізгі мақсат – адам жанының жұмбағын ашу, кейіпкерлердің ішкі әлеміне үңілу. Романның оқырманға әсер ететін тұсы да осында.

Кездесуде ауыл ақсақалдары сөз алып, Арман Әлменбеттің шығармашылығына жылы лебіздерін білдірді. Олар «Тергеуші» романының қазіргі қазақ прозасына әкелген жаңалығына тоқталып, қаламгерге алғыстарын жеткізді.
Кештің көркемдік мазмұнын ауыл өнерпаздары Гүлжан Бекназарова мен Рашит Жолдасбек орындаған «Ұлытауым», «Ұларлы Ұлытау» әндері толықтыра түсті. Бұдан бөлек, кітапхана оқырмандары жазушының шығармашылық жолы мен жетістіктеріне арналған фотокөрмені тамашалады.
Әдеби кеш соңында Арман Әлменбетке шығармашылық табыс тілеген оқырмандар қаламгермен мазмұнды жүздесуден мол әсер алды. Кітапхана төріндегі бұл кездесу әдебиетке қызығушылықты арттырып, оқырман мен қаламгер арасындағы рухани байланысты тереңдете түскен тағылымды басқосу болды.
Альмира ОСПАН.
