Даму мен дайындық пысықталды
Облыс әкімінің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңес барысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралды.

Өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарының жоспарға сәйкес ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Дегенмен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жұмыс күші тапшылығы және техниканың тозуы сияқты өзекті мәселелерге байланысты жұмыстарды жандандыру қажеттігін жеткізді. Осыған орай, науқанға тартылған жұмысшылардың әлеуметтік төлемдерінің уақытылы төленуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сонымен қатар, облыс аумағында пайда болатын саяқ және үйірлі шегірткелердің таралуы, сондай-ақ киіктердің жаппай көшуі салдарынан туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу мақсатында тиісті талдау жүргізіп, нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.

Жиында мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз әрі қолжетімді орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі жауапты басқармаларға қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік нысандарды бейімдеу жоспарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды бейімдеуге арналған бюджеттік өтінімдерді қайта қарастырып, қосымша қаржыландыру көздерін айқындау, жаңадан салынып жатқан нысандарда қолжетімділік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу міндеті жүктелді.
Жиын қорытындысында өңір басшысы бірқатар жұмыстарды бюджеттік қаржыландыруды күтпей-ақ, қолда бар мүмкіндіктер есебінен жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, қосымша шығынды талап етпейтін міндеттерді өз күшімен орындау ұсынылды.