Күн тәртібінде – өзекті мәселелер

Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте өңірдегі туризм саласын дамыту және жұмыс күшінің мобильдігін арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан қоныс аудару бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Жиында сөз алған өңір басшысы облыстың туристік әлеуетін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ туризмді дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және әуе қатынасының қолжетімділігін арттыру екенін айтып, бұл мәселе тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Осыған байланысты жауапты басқармаға туристік инфрақұрылым жобаларына жеке инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту, инвестициялық жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын туристік айналымға енгізу және оқиғалық туризмді дамыту жөніндегі іс-шараларды жүйелі жүзеге асыру тапсырылды. Сонымен қатар туристік нысандарды тұрақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандырып, басым туристік бағыттарды кезең-кезеңімен сапалы байланыс желісімен қамту міндеттелді.

Кеңесте жұмыс күшінің мобильдігін арттыруға бағытталған қоныс аудару бағдарламасының іске асырылу барысы да талқыланды. Облыс әкімі бұл бағытта сандық көрсеткіштерден бұрын сапаға басымдық берілуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Айтуынша, мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары мен жасалып жатқан мүмкіндіктер, ең алдымен, өңірге қажетті білікті әрі тәжірибелі мамандарды тартуға бағытталуы қажет. Сондай-ақ қоныс аударуға ниетті азаматтармен алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бағдарламаның талаптары мен мүмкіндіктерін жан-жақты жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Осыған орай жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Жамбыл және Жетісу облыстарында өңірдегі еңбек күші тапшы елді мекендерге қоныс аудару мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын ұйымдастыру тапсырылды. Бұдан бөлек, қоныс аудару жұмыстарын тек облыс орталығына ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерге де бағыттап, азаматтарды тарту жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.