Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты
Кеңес барысында Ұлытау облысының білім беру саласын дамытуға арналған «QH «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін Ұлытау облысының мектептеріне енгізу» қайырымдылық жобасы және Жәйрем кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселелері қаралды.

Өңір басшысы өз сөзінде облыста әлеуметтік маңызы бар бастамалардың жүзеге асуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ризашылығын білдірді.

– Бұл жоба өңіріміздегі сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға және оқушылардың білім деңгейін көтеруге кең мүмкіндік береді. Біз өз тарапымыздан да мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде қала мен ауыл мектептерінің даму мүмкіндігі артып, өңірдегі білім сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Сондықтан бұл тәжірибені облыс мектептеріне енгізуге толық қолдау білдіреміз, – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.

Кеңес қорытындысы бойынша Ұлытау облысының Жәйрем кентінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның жалпы құны шамамен 2,4 млрд теңгені құрайды. Оның 1,7 млрд теңгесі «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан қаржыландырылса, қалған бөлігі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Жалпы аумағы 3250 шаршы метрді құрайтын заманауи спорт кешені 6–18 жас аралығындағы 600 бала мен жасөспірімнің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 45 жаңа жұмыс орны ашылады.

Айта кету керек, бұған дейін де «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Ұлытау облысының Сәтбаев қаласы мен Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылында заманауи спорт нысандары салынған болатын. Бұдан бөлек, қор өңірде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаны табысты жүзеге асырып келеді.

