Бюджеттің игерілуі қаралды
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген аппарат жиынында жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы аудан бюджетінің игерілу барысы, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің орындалуы, суға шомылу маусымын ұйымдастыру және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қаралды.
Жиында Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин аудан бюджетінің орындалуы туралы баяндама жасап, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен жоспарланған жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Оның айтуынша, ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына бағытталған бірқатар жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Аудан әкімі бюджет қаржысының әр теңгесі тиімді әрі нәтижелі жұмсалуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай жүргізілуі, жоспарланған жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалуы және сапалы жүзеге асырылуы басты назарда болуы керектігін жеткізді. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, атқарылып жатқан жұмыстарға бақылауды күшейту міндеттелді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Данияр Мұханбетов суға шомылу маусымының өту барысы жөнінде хабарлама жасады. Ол тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары және ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралар туралы ақпарат берді. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, рұқсат етілмеген орындарда суға түсу деректерінің алдын алу және төтенше жағдайларға жол бермеу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, жиында жаз мезгілінде өрт қаупінің артуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Табиғи және тұрмыстық өрттердің алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды күшейту, елді мекендердегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу міндеттері белгіленді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі қаралған мәселелердің барлығы ауданның тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, жауапты басшыларға берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, белгіленген міндеттердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
