Дала тіршілігінің діңгегі: малшы еңбегі және ауданның аграрлық болашағы
14 маусым – Малшылар күні. Бұл – төрт түлікті түлетіп, атакәсіпті жалғап келе жатқан еңбек адамдарына көрсетілетін құрметтің белгісі. Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы тек күнкөріс көзі ғана емес, ұлттық болмыстың, мәдениет пен дәстүрдің ажырамас бөлігі болып саналады. Сондықтан малшы еңбегін бағалау – ел экономикасының маңызды саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды құрметтеу деген сөз.

Ұлытау өңірі ежелден мал өсіруге қолайлы аймақтардың бірі саналады. Кең байтақ жайылымдар, табиғи ресурстар және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәжірибе бұл өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы басты артықшылықтарының бірі болып отыр. Бүгінде осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында өңірде агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынуда.
Солардың бірі – «Ұлытау облысында қой шаруашылығын заманауи дамыту» инвестициялық жобасы. Жуырда аталған жоба аясында «Agrotech» ЖШС инвестициялық жобасының жетекшісі Руслан Тлеужанов пен Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтің қатысуымен көшпелі кездесу өтіп, жобаны іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды.
Кездесу барысында инвестициялық жобаны жүзеге асыру кезеңдері, қажетті жер телімдерін бөлу мәселелері және өзара ынтымақтастықтың алдағы қадамдары қарастырылды. Бұл бастаманың маңыздылығы – оның қарапайым мал өсіру жобасынан әлдеқайда ауқымды болуында. Жоба өңірде қой шаруашылығын жаңа технологиялар негізінде дамытуға, өндірістің тиімділігін арттыруға және ет өнімдерін өндіру мен өңдеудің толық циклін қалыптастыруға бағытталған. Басқаша айтқанда, бұл ауыл шаруашылығын шикізат өндіру деңгейінен өңделген өнім шығаратын заманауи салаға айналдыруға жасалған қадам.
Бүгінгі таңда әлемдік нарықта экологиялық таза әрі сапалы ет өнімдеріне сұраныс артып келеді. Қазақстан үшін, әсіресе, Ұлытау секілді мал шаруашылығы дәстүрі қалыптасқан өңірлер үшін бұл үлкен мүмкіндік. Сарапшылардың пікірінше, қой етіне деген сұраныс ішкі нарықпен ғана шектелмейді. Экспорттық әлеуеті де жоғары. Сондықтан, асыл тұқымды мал өсіру, ғылыми тәсілдерді енгізу және өндірісті цифрландыру сияқты бағыттар саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетіктеріне айналып отыр.
Мал шаруашылығының экономикалық маңызы тек өндірілген өнім көлемімен өлшенбейді. Бұл сала ауылдық аумақтардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. Мал шаруашылығы дамыған жерде халық жұмыспен қамтылады, ауылда кәсіпкерлік өркендейді, жаңа инфрақұрылым қалыптасады. Әсіресе, шалғай елді мекендер үшін мал шаруашылығы негізгі табыс көзі болып қала береді.
Осы тұрғыдан алғанда, қой шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мал өсірумен қатар, жем-шөп дайындау, ветеринариялық қызмет көрсету, өнімді өңдеу, сақтау және тасымалдау бағыттарында да қосымша еңбек нарығы қалыптасады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Дегенмен, кез келген жетістіктің артында еңбек адамы тұратыны анық. Қыстың бораны мен жаздың аптабында төрт түліктің бабын тауып, ел ырысын еселеп жүрген малшылардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту туралы көп айтылғанымен, оның негізгі қозғаушы күші – адам капиталы. Сондықтан, салаға жастарды тарту, еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалар да осы мақсаттарға қызмет етеді. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы тиімді әріптестік ерекше рөл атқарады. Осы ретте «ҰЛЫТАУ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар ауыл шаруашылығының дәстүрлі салаларын заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған. Бұл тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, ауылдық жерлердің дамуына, халықтың жұмыспен қамтылуына және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Малшылар күні қарсаңында осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың маңызын тағы бір мәрте атап өткен жөн. Өйткені, ел экономикасының беріктігі мен ауылдың болашағы көп жағдайда олардың маңдай тері мен қажырлы еңбегіне байланысты. Ал, қой шаруашылығын заманауи дамытуға бағытталған жаңа жобалар сол еңбектің нәтижесін еселей түсіп, Ұлытау өңірінің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
