Әлеуметтік сала — мейірім мен қамқорлықтың мекені

Қазан айының соңғы жексенбісінде елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыруға, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге, қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсететін ерекше күн.

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі – адамға қамқорлық танытып, қиын сәтте қолдау көрсетуімен құнды. Олардың күнделікті жұмысының артында талай отбасының үміті, көптеген азаматтың қуанышы мен өмірге деген сенімі тұр. Ұлытау ауданында да халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аясында аз қамтылған 13 отбасының 63 мүшесіне 6 млн 390,6 мың теңге төленді. Сонымен қатар 1–6 жас аралығындағы балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетке 634,3 мың теңге бөлінді. Бұл шаралар аз қамтылған отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға және балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Аудан бойынша жергілікті өкілді органдардың шешімімен азаматтардың жекелеген санатындағы 1036 адамға жалпы көлемі 32 млн 527,8 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Аталған қолдау көпбалалы аналарды, ардагерлерді, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын азаматтарды және өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындарды қамтыды.
Балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жағдай жасау да әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта үйден тәрбиеленіп, оқытылатын 5 балаға материалдық көмек ретінде 519 мың теңге төленді. Мұндай қолдау балалардың білім алуына қажетті жағдай жасауға және олардың қоғам өміріне тең дәрежеде араласуына мүмкіндік береді.
Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау және күнделікті тұрмысын жеңілдету бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда. 2026 жылы 112 адамға жалпы сомасы 28 млн 433 мың теңгеге техникалық және гигиеналық құралдар ұсынылып, санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар берілді. Қажеттілігі бар азаматтар арнайы кресло-арбалармен де қамтамасыз етілді. Бұл шаралар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, денсаулығын нығайтуға және өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына жағдай жасауға бағытталған.
Ұлытау ауданында қарттар мен өзіне-өзі қызмет көрсетуі қиын азаматтарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары да жалғасуда. Әлеуметтік қызметкерлер мұндай жандарға күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге көмектесіп қана қоймай, олардың жағдайын сұрап, көңіл бөліп, жалғыздықты сезінбеуіне ықпал етеді. Қарт адамның көңілін сұрап, мұқтаж жанға қол ұшын созу – үлкен адамгершіліктің белгісі. Осындай қарапайым көрінетін, бірақ маңызы зор істер әлеуметтік сала мамандарының кәсіби міндеті мен азаматтық болмысын айқындайды.
Сайып келгенде, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысы жауапкершілікті, сабырлылықты, жанашырлықты және әр адамның жағдайына түсіністікпен қарауды талап етеді. Өйткені әлеуметтік қолдаудың түпкі мақсаты – тек материалдық көмек көрсету емес, адамның қадір-қасиетін құрметтеу, қиындықты еңсеруіне жәрдемдесу және болашаққа деген сенімін нығайту.
Ұлытау ауданында атқарылып жатқан жұмыстар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және ешбір азаматты назардан тыс қалдырмауға бағытталған. Бұл игі істердің жүзеге асуына әлеуметтік сала мамандарының күнделікті еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы негіз болып отыр.