Құқықтық сауат: Конституциядағы дінге қатысты нормалар
Қазақстан Республикасындағы дін саласындағы мемлекеттік саясат пен азаматтардың діни сенім бостандығы ең алдымен Конституцияға негізделеді. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда зайырлылық, ар-ождан бостандығы, діни көзқарасына байланысты кемсітпеу, мемлекет пен діннің арақатынасы және білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты құқықтық нормалармен бекітілді. Жаңа Конституция күшіне енген сәттен бастап 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтатылды.

Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп белгіленген. Зайырлылық ұғымын дінге тыйым салу немесе діни сенімді жоққа шығару ретінде түсінуге болмайды. Керісінше, зайырлы мемлекет азаматтардың қандай дінді ұстанатынына немесе ешбір дінді ұстанбайтынына қарамастан, олардың құқықтарының тең қорғалуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік басқару діни қағидаларға емес, Конституция мен заңдарға сүйенеді. Сондықтан Қазақстандағы зайырлылықтың негізгі мәні – адамның жеке сеніміне құрмет көрсете отырып, мемлекеттің құқықтық және діни институттардың қызметін өзара ажыратуы.
Бұл қағида жаңа Конституцияда бұрынғыдан да нақты көрсетілген. Ата Заңның 7-бабының 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деген норма тікелей бекітілген. Осы баптың 2-тармағына сәйкес Қазақстан аумағындағы діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мұндай қызмет конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін. Яғни діни сенім бостандығы қорғалғанымен, кез келген діни қызмет жалпыға ортақ құқықтық талаптар шеңберінде жүргізілуге тиіс.
Конституция азаматтың жеке діни таңдауын да қорғайды. 25-бапта әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар екені белгіленген. Бұл норма адамның өзінің дүниетанымын және діни сенімін еркін таңдауына құқықтық негіз береді. Сонымен бірге ар-ождан бостандығын пайдалану жалпы адамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы міндеттерді шектемеуге тиіс. Демек, діни сенім жеке адамның құқығы болғанымен, ол Конституция мен заңдарда белгіленген міндеттерді орындамауға немесе басқа адамдардың құқықтарын бұзуға негіз бола алмайды.
Қазақстанның зайырлы сипаты азаматтардың діни көзқарасына қарамастан теңдігін қамтамасыз етумен де тікелей байланысты. Конституцияның 16-бабына сәйкес заң мен сот алдында бәрі тең. Сонымен қатар адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де себептерге байланысты кемсітуге болмайды. Сондықтан азаматтың белгілі бір дінді ұстануы, басқа діни көзқараста болуы немесе дінді ұстанбауы оның құқықтық мәртебесіне әсер етпеуге тиіс.
Жаңа Конституциядағы маңызды нормалардың бірі білім беру саласына қатысты. 33-баптың 5-тармағында рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие екені нақты жазылған. Бұл норма мемлекеттік және жалпы білім беру жүйесінде қандай да бір діни ілімді міндетті дүниетаным ретінде орнықтыруға жол берілмейтінін білдіреді. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында білім беру мемлекеттік стандарттарға, ғылыми танымға және зайырлы қағидаттарға негізделеді. Ал діни білім беру арнайы рухани білім беру ұйымдарының қызметі арқылы заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Сонымен қатар Конституцияның 3-бабында адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгіленген.
Зайырлы мемлекетте дін мен саясаттың арасы да құқықтық тұрғыда ажыратылған. Конституцияның 6-бабында идеологиялық және саяси әралуандық танылады, алайда діни негіздегі саяси партиялардың қызметіне жол берілмейді. Сондай-ақ, мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуге, елдің тұтастығына, қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктердің құрылуына және қызметіне тыйым салынады. Бұл талаптар азаматтардың діни сенімін шектеуге емес, дінді саяси күрестің, қоғамды бөлудің немесе заңға қайшы әрекеттерді ақтаудың құралына айналдырмауға бағытталған.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте дін тақырыбындағы материалдарды таратуда да құқықтық жауапкершілік маңызды. Конституцияның 23-бабы сөз еркіндігіне және ақпаратты еркін алуға әрі таратуға кепілдік береді. Бірақ сол бапта әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық немесе діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ, осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейтіні көрсетілген. Сондықтан әлеуметтік желідегі діни мазмұн да Конституция мен заңдардың талаптарына сәйкес болуы керек. Сөз бостандығы діни өшпенділікті қоздыруға, өзге азаматтардың құқықтарын кемсітуге немесе қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге құқық бермейді.
Жаңа Конституцияның кіріспесінде де Қазақстан халқының бірлік пен ынтымаққа, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйенетіні атап көрсетілген. Бұл еліміздегі түрлі діни көзқарастағы азаматтардың өзара құрмет пен келісім жағдайында өмір сүруінің конституциялық негізін айқындайды.
Осылайша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында дін саласына қатысты негізгі құқықтық тепе-теңдік анық белгіленген: мемлекет зайырлы сипатта болады және дін мемлекеттен бөлек; әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар; діни көзқарасына байланысты кемсітуге жол берілмейді; білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие; діни негіздегі саяси қызмет пен діни алауыздықты қоздыруға жол берілмейді. Бұл нормалардың барлығы бір жағынан азаматтың жеке сенімін қорғауға, екінші жағынан қоғамдық тұрақтылықты, заң үстемдігін және әр адамның құқығын сақтауға бағытталған.
Сондықтан құқықтық сауаттылық дін саласында тек заңдағы тыйымдарды білу деген сөз емес. Ол – адамның өз құқығы мен жауапкершілігін түсінуі, өзгенің сеніміне құрметпен қарауы және діни мәселелерде Конституция мен заң талаптарын басшылыққа алуы. Қазақстанның зайырлы сипаты – қоғамдағы діни сенімнің болуына қарсы қағида емес, әртүрлі көзқарастағы азаматтардың ортақ құқықтық кеңістікте тең әрі қауіпсіз өмір сүруінің кепілі.
Гүлдана АСАНХАНОВА,
облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
Ұлытау ауданы №1 тірек мектебінің Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі.
