Тазалық – туған жерге деген құрмет
Тазалық — туған жерге деген құрмет
Туған жердің көркі мен тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Көшенің көркемдігі, ауланың жинақылығы, табиғаттың тазалығы елді мекеннің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың мәдениеті мен қоршаған ортаға деген көзқарасын да айқындайды. Осы орайда елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының маңызы зор.

Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ел бойынша миллиондаған азамат экологиялық іс-шараларға қатысып, аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстарына үлес қосқан. Бұл – қоршаған ортаны қорғау ісіне қоғамның белсенді араласып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпыұлттық бастамадан Ұлытау өңірі де шет қалған жоқ. Облыс көлемінде ұйымдастырылған экологиялық шаралар аясында Жезқазған, Сәтбаев қалаларымен қатар, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында да сенбіліктер өткізіліп, орталық саябақтар мен көшелерді тазалау жұмыстары жүргізілді. «Таза қала», «Таза аула», «Таза көше» бағыттары бойынша ұйымдастырылған шараларға тұрғындар, жастар мен еріктілер қатысып, қоғамдық орындарды абаттандыруға атсалысты.

Ұлытау ауданында да туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне бағытталған жұмыстардың маңызы ерекше. Тарихы терең, табиғаты көркем өлкенің келбетін сақтау – баршаға ортақ міндет. Ауданның көшелері мен қоғамдық орындарын таза ұстау, жасыл желекті күтіп-баптау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау елді мекеннің ажарын арттыра түседі.
Мұндай жұмыстардың нәтижелі болуы тұрғындардың белсенділігіне де байланысты. Сенбіліктерге қатысу, ауланы таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастау, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау – туған жерге деген құрметтің нақты көрінісі. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына табиғатты аялау мәдениетін сіңіру маңызды. Өйткені қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау отбасынан, мектептен және күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады.

Дегенмен, тазалықты тек арнайы ұйымдастырылған сенбіліктермен шектеуге болмайды. Көшеге қоқыс тастамау, ортақ пайдаланылатын орындарға ұқыпты қарау, табиғи аумақтарды ластамау – әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Әр адам өз ауласы мен айналасын таза ұстауға мән берсе, тұтас ауылдың келбеті де жақсара түседі.
«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты да – елді мекендерді тазартумен қатар, қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты жалғасуы үшін мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, жастардың және тұрғындардың бірлескен әрекеті қажет.
Туған жердің тазалығы – оған деген сүйіспеншіліктің өлшемі. Ұлытауымыздың табиғатын аялап, елді мекендерін көркейтуге үлес қосу – әрқайсымыздың қолымыздан келетін игі іс.
Альмира ОСПАН.
