1 446 түп ағаш отырғызылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ұлытау ауданына қарасты барлық елді мекенде жалпыаудандық ағаш отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Табиғатты қорғауға және елді мекендердің санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған игі шараға аудан тұрғындары белсенді қатысты.

Экологиялық акция барысында елді мекендерді көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде аудан аумағында 1 446 түп ағаш пен жасыл желек отырғызылды. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркін ажарландырып қана қоймай, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Ағаш отырғызу жұмыстарына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар, білім беру ұйымдарының ұстаздары мен оқушылары атсалысты. Әсіресе мектептерде ұйымдастырылған экологиялық шаралар барысында мұғалімдер мен оқушылар бірлесе еңбек етіп, білім ошақтарының аумағын көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Жас ұрпақтың табиғатты аялауға бағытталған осындай бастамаларға белсенді қатысуы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ағаш отырғызу арқылы оқушылар туған жерге жанашырлық танытып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын іс жүзінде сезінді. «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, елді мекендерді абаттандыруға және тұрғындардың ортақ іске жұмылуына бағытталған маңызды бастама. Ұлытау ауданында ұйымдастырылған ағаш отырғызу жұмыстары да осы мақсаттарды жүзеге асыруға өз үлесін қосты. Бүгін отырғызылған әрбір тал – ертеңгі көлеңке, таза ауа және көрікті мекеннің негізі. Табиғатты қорғау – бір күндік науқан емес, баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан туған жердің тазалығы мен жасыл желегін сақтау әр тұрғынның күнделікті ісіне айналғаны маңызды.
Ізбасар ОЙБАС.
