Ұлытау облысында жаңа емхананың құрылысы басталды
Жезқазған қаласында тәулігіне 250 келушіні қабылдайтын заманауи емхананың іргетасы қаланды. Үш қабатты медициналық нысанның жалпы аумағы шамамен 8 500 шаршы метрді құрайды. Жобаны «Верный Капитал» компаниялар тобының құрамындағы Beeline цифрлық операторы мен «Zhyly Zhurek Foundation» қоры қолдап отыр.

Салтанатты рәсімге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен қор директоры Анар Жұмағұлова қатысып, жаңа нысанның өңір тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде облыс әкімі Жезқазған қаласының батыс ауданы алдағы жылдары өңірдің жаңа даму орталығына айналатынын жеткізді.
«Жезқазған қаласының батыс ауданы – болашағы зор, қарқынды дамып келе жатқан аумақ. Алдағы жылдары мұнда 18 мыңға жуық тұрғын қоныстанады деп күтілуде. Жалпы шағын ауданда 80-нен астам көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Сондықтан заманауи әлеуметтік инфрақұрылымды қатар дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгін іргетасы қаланған емхана – сол жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі», – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.

Жаңа медициналық мекемеде консультациялық-диагностикалық кабинеттер мен 15 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Сонымен қатар сәулелік диагностика бөлімшесі, клиникалық-диагностикалық зертхана, амбулаториялық хирургия орталығы және әйелдер консультациясы қарастырылған.
Емхана аумағында жеке орналасқан ғимаратта тәулік бойы қызмет көрсететін, тоғыз бригадалық жедел жәрдем станциясы ашылады. Бұл тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті жедел әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді.
