Футбол алаңы пайдалануға берілді
Ұлытау ауданында бұқаралық спортты дамыту жəне ауылдық елді мекендердің спорттық инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы жұмыстар аясында Аманкелді ауылында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді.

Жаңа спорт нысанының ашылуына ауыл тұрғындары, жастар мен жас спортшылар қатысты. Салтанатты шарада Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары Батырлан Сəбден ауыл тұрғындарын жаңа футбол алаңының ашылуымен құттықтап, спорт нысанының ауыл жастары үшін маңызын атап өтті.
Іс-шара барысында ауылдың ақ жаулықты аналары дəстүрге сай шашу шашып, балаларға тəттілер таратты. Бұл күні ауыл тұрғындарының қуанышына спорттық ортақ мереке ұласып, жас спортшылардың көтеріңкі көңіл-күйіне ерекше серпін берді.
Шара барысында «Жаңаарқа Құрылыс жабдықтау» ЖШС тарапынан ауылдың жас спортшыларына спорттық киімдер мен қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Мұндай қолдау балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Жаңа футбол алаңы ауыл жастарының спортпен тұрақты түрде айналысуына жағдай жасап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар, спорттық нысан жергілікті жастар арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, түрлі жарыстар мен жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді.
Аманкелді АҚШАЛ.
