Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейдтер өткізуде

Қазіргі уақытта республика аумағында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Жезқазған қаласында полиция қызметкерлері күн сайын түнгі рейдтер өткізіп, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда болу фактілерін анықтауда.

Заңнама талаптарына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде немесе ойын-сауық орындарында болуына жол берілмейді.

Түнгі рейд барысында полиция қызметкерлері компьютерлік клубтар, кафелер, ойын-сауық орындары, саябақтар, бульварлар мен қаланың адам көп шоғырланатын аумақтарын тексереді.

Рейдтердің бірінде тәртіп сақшылары компьютерлік клубтардың біріне барып, ондағы келушілердің жасын тексерді. Клуб әкімшілігі мен жасөспірімдер қолданыстағы талаптарды білетінін айтып, кәмелетке толмағандар үйлеріне қайтарылды.

Сонымен қатар, түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүрген бірнеше жасөспірім анықталды. Полиция қызметкерлері олардың ата-аналарымен байланысып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңды өкілдері келгенге дейін профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Кей жағдайда ата-аналар полиция қызметкерлерінің әрекетіне түсіністікпен қарамай, балаларының түнгі уақытта көшеде жүруіне алаңдайтын себеп жоқ деп есептейді. Алайда заң талаптары барлық азамат үшін ортақ. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – ата-аналарды жазалау емес, ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу, – деді облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрсұлтан Қасым.

Жыл басынан бері облыс аумағында түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүрген 1 116 кәмелетке толмаған анықталған.

Кәмелетке толмағандардың тәрбиесі, білімі, құқықтары мен мүдделерін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 360 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандардың жасаған бұзақылығы бойынша 44 ата-анаға қатысты шара қолданылған. Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болғаны үшін 1 116 ата-ана жауапкершілікке тартылған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, әкімшілік шара қолдану кезінде құқық бұзушылықтың мән-жайлары ескеріледі. Бірінші рет жасалған жағдайда заңнамада ескерту көзделген. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік жаза, оның ішінде айыппұл қолданылуы мүмкін.

Түнгі рейдтер барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ғана емес, олардың әлеуметтік жағдайына да назар аударады. Әсіресе оқу мен жұмыспен қамтылмаған жастардың (NEET санаты) жеке басы анықталып, түнгі уақытта көшеде жүру себептері зерделенеді.

Қажет болған жағдайда тиісті ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, жастарды жұмысқа орналастыру, білім алуға тарту және әлеуметтік бейімдеу мәселелері бойынша көмек көрсету ұйымдастырылады.

Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауға, олардың түнгі уақытта қайда жүргенін білуге және қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген балалар түрлі қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Атап айтқанда, олар қылмыстың құрбанына айналуы, құқық бұзушылардың ықпалына түсуі, жанжалдарға немесе жол-көлік оқиғаларына қатысуы ықтимал.

Осыған байланысты полицияның түнгі профилактикалық рейдтері кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, балаларды ықтимал қауіптерден қорғауға бағытталған.

Полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.