Көктемгі дала жұмыстары мен қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Аптаның басында облыс әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық

Облыс әкімі көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру жағдайына ерекше назар аударып, науқанға дайындықтың жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алайда, жиында жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жұмыс күші тапшылығы және техниканың тозуы сияқты өзекті мәселелерге де тоқталынды.
Әкім осы мәселелерді шешу үшін жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты және науқанға тартылған жұмысшылардың әлеуметтік төлемдерін уақытылы төлеуді қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, өңірде саяқ және үйірлі шегірткелердің таралуы, сондай-ақ, киіктердің жаппай көшуі салдарынан туындайтын қауіптерге қатысты алдын алу шаралары да қаралды. Жиында тиісті талдау жүргізіп, нақты алдын алу жоспарларын әзірлеу міндеттелді.

Мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта

Жиын барысында мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарға алынды. Облыс әкімі жауапты басқармаларға қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік нысандарды бейімдеу жоспарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарды бейімдеуге арналған бюджеттік өтінімдерді қайта қарап, қосымша қаржыландыру көздерін айқындау міндеті қойылды. Жаңадан салынып жатқан нысандарда қолжетімділік талаптарының сақталуы да қатаң бақылауға алынатын болады.

Қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану

Жиын қорытындысында облыс басшысы бірқатар жұмыстарды бюджеттік қаржыландыруға сүйенбей-ақ, қолда бар мүмкіндіктер арқылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда, қосымша шығынды қажет етпейтін міндеттерді өз күшімен орындау ұсынылды.
Облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, алдағы кезеңде көктемгі дала жұмыстары жанданып, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі арттырылып, өңір тұрғындарының өмір сапасы жақсара түседі деп күтілуде.

Аманкелді АҚШАЛ.