Төраға жол жөндеу жұмысын бақылады
Терісаққан ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары барысында аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты 2023–2027 жылдарға арналған Ұлытау ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ұлытау – Арқалық» бағытындағы автокөлік жолына асфальт төсеу жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Өңір тұрғындары үшін стратегиялық маңызы зор жолдың сапалы әрі уақытылы аяқталуы – бүгінде басты назардағы мәселелердің бірі. Аталған бағыттағы күрежолдың жөнделуі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, шалғай елді мекендердің қатынасын жақсартып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сапар барысында аудандық мәслихат төрағасы жол құрылысына жауапты мердігер мекеме – «Қарағанды жолдары» ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстарын арнайы зерделеді. Кәсіпорын ұзындығы 60 шақырымды құрайтын жол бөлігін талапқа сай ретке келтіру міндетін мойнына алған.
Нысан басындағы жұмыс қарқынына назар аударған Ахат Құрмансейітұлы мердігер мекеменің қазіргі әлеуетіне оң бағасын берді. Қазіргі таңда құрылыс алаңында қажетті техникалардың толық жұмылдырылғаны, жұмыс күшінің жеткілікті екені және жол салу жұмыстарының белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Сонымен қатар, жол сапасы мен құрылыс мерзімінің сақталуы басты талап екені айтылып, жауапты мекеме өкілдеріне жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау міндеті жүктелді.
– Бұл жолдың өңір экономикасы үшін маңызы өте зор. Сондықтан, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Халыққа қолайлы жағдай жасау – ортақ міндет, – деді аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов.
Бүгінде «Ұлытау – Арқалық» бағытындағы автожолды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба толық аяқталған жағдайда көлік қатынасы жақсарып, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін тиімді инфрақұрылымдық мүмкіндік қалыптасады деп күтілуде.
Аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов нысандағы жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Аманкелді АҚШАЛ.