Шэньчжэньде Alatau City халықаралық роуд-шоуы өтті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Шэньчжэнь қаласында (ҚХР) Alatau City-дің инвестициялық әлеуетін таныстырды.

Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, девелоперлік және технологиялық компанияларының өкілдері қатысты.

Қатысушыларға Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттары, оның ішінде инвесторларға арналған жеңілдікті жағдайлар, инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу және арнайы құқықтық режимнің басқа да мүмкіндіктері таныстырылды.

Инновациялар, цифрлық басқару және инвестициялар тарту саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Шэньчжэнь тәжірибесін зерделеуге ерекше назар аударылды. Қытай мегаполисінің озық тәжірибелерін Алатау қаласын дамыту барысында пайдалану жоспарлануда.

Іс-шара қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойылды, өнеркәсіп, энергетика, логистика, жоғары технологиялар, қалалық инфрақұрылым және цифрлық экономика салаларында жалпы инвестициялық әлеуеті $6 млрд-қа дейінгі жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.