Мемлекет тірегі – тәртіп: Мәлік Отарбаев Ұлытауда қоғамдық тұрақтылық жайын сөз етті
Бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен өткен актив отырысында IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларды орындау және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды.
Жиынға Ұлытау облысының әкімі және орынбасарлары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері қатысты.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев:
– Ұлытау облысына келудегі мақсатым — Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасы туралы өздеріңізбен пікір алмасу. Ел Президентінің бағдарламалық баяндамасы — мемлекеттік маңызы бар құжат. Құрылтайда өте өзекті мәселелердің көтерілгенін жақсы білесіздер. Сол мәселелердің түбегейлі шешілуінде Президент тиісті тапсырмалар береді. Биыл Бурабайда өткен құрылтайда 53 мәселе көтеріліп, 53 тармақтан тұратын мемлекеттік маңызы бар құжат қабылданды. Ел Президенті құрылтайда көтерген ең басты мәселе — заң мен тәртіп. Заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттің алдында тұрған ең үлкен міндет, — деді.
Облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын және алдағы жоспарларын мәлімдеді.
Мәлік Нұржанұлы сонымен қатар облыс орталығындағы спорт нысандарын аралап, құқық қорғау органдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, әлеуметтік сала қызметкерлері, облыстың имамдарымен кездесті. Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.