Қарсақбайдан басталған жол

Биыл Қаныш Сәтбаевтың еңбек жолының Қарсақбайда басталғанына 100 жыл толып отыр. Қарсақбайдағы алғашқы қадамдарынан бастап, ол Жезқазғанның әлемге әйгілі мыс кен орнын ашып, Қазақстанның геологиялық зерттеулерінің жаңа дәуірін бастады. Ұлы ғалымның өңіріміздегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Жезқазғанның бай қазыналары мен металлургия саласының дамуы жолға қойылып, оның есімі Қазақстан мен әлемге танылды. Қаныш Сәтбаевтың еңбектері мен армандары бүгінде өз жемісін беріп, еліміздің экономикасы мен ғылымының өркендеуіне негіз қалады. Сондықтан да, бұл мерейтой ұлы ғалымның тау-кен және геология саласына қосқан ұшан-теңіз еңбегін еске алу үшін маңызды кезең болып табылады.

1926 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Томск технологиялық институтын табысты аяқтап, тау-кен инженер-геологы дипломын иеленген қазақтың алғашқы азаматы ретінде халық шаруашылығы Орталық кеңсенің қарамағына жіберіледі. Сол жылы болашақ академик Қызылордадан Жосалы станциясына түскеннен кейін, Қарсақбайға жүк тасымалдаушыларға ілесіп келеді.
«Қарсақбайға барамын» деген жас инженерді сол керуеннің басшысы менсінбей:
– Біздің Қарсақбайға жылына бір геолог, бір ғалым келеді, көп болса, соның бірі шығарсың. Менің үйімде, төрде былтыр келген инженердің қалпағы әлі ілулі тұр. Ол қалпағына да қарамай кетіп қалған, сенде кетіп қаларсың, – депті.
Қаныш Сәтбаев әлемдегі ең ірі мыс кен орны Жезқазғанда екенін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын сол жерде өткізеді. Жезқазған мыс комбинатының дүниеге келуі, ондағы мол байлықтың игерілуі Қаныш Сәтбаев есімімен тікелей байланысты. Оның еңбек жолы да осы жерден басталған.
Қарсақбай ауылында Атбасар трестіне қарасты мыс балқыту зауытының құрылысы басталғаны тарихтан мәлім. Зауыт құрылысын он жыл бұрын бастаған ағылшындар балқыту цехын салып, жабдықтың бір бөлігін орнатқан, бірақ ақпан төңкерісі басталған кезде олар зауытты тастап кеткен. Кейіннен Совет үкіметі оны аяқтауды шешкен.
Трестің бас геологы ретінде Сәтбаев ол жерді тексеру үшін барып, құрылыс жұмыстарының жүрісімен танысады. Кен орнымен және зауыт басшылығымен айналысқан мамандар аймақтағы мыс өндірісінің даму болашағына сенімсіздікпен қараған. Олар кеннің қоры тек келесі 10-15 жылға жететінін, одан артық емес екенін айтады.
Дегенмен, Сәтбаев олармен келіспеді. Ол Жезқазған ауданында алдыңғы уақытта анықталмаған үлкен мыс қоры бар деп санады. Геолкомнан бір бұрғылау станогын бөлуін сұрап, аймақта металдың бар-жоғын зерттеуге кірісті. Геолком басшылығы мен Жезқазған ауданын жақсы білетін мамандар Сәтбаевтың идеясының сәтсіздікке ұшырайтынына сенімді болды.
Алайда, жұмыстар басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, Сәтбаев пласты он метрден асатын үлкен руда кеніне тап болды. Ленинградта жүргізілген талдау нәтижелері бұл руда кенінің бұрын белгісіз, мысқа бай екенін көрсетті. Осы жаңалықтың арқасында 1928 жылы іздеу жұмыстары кеңейтілді. Тағы үш ірі кен орындарын анықтаған геолог 1929 жылы зерттеу жұмыстарын екі есе арттырды. Осы жылы тағы үш кен орны және бір жаңа руда алабы ашылды.
Бұл жағдайларды ескере отырып, Сәтбаев «Қазақстанның халық шаруашылығы» журналында мақала жариялап, Жезқазған әлемдегі ең бай мыс провинцияларының бірі екенін, тіпті, Американың көптеген провинцияларынан да үлкен екенін мәлімдеді. Өз болжамдарына сүйене отырып, жақын жердегі Қарсақбай зауыты Жезқазғаннан алынған руданың көлемін өңдей алмайтынын айтты.
Сондай-ақ, ол аймақта су қоймасын салу және кең жолақты теміржол желісін тарту қажеттігін болжады. Бұл ұсыныстарымен ол жоғарғы органдарға тұрақты түрде жүгініп, баспасөз беттерінде сөз көтеріп, тіпті, аймақтың дамуын КСРО-ның бесжылдық экономикалық даму жоспарына енгізуді ұсынды.
Өкінішке орай, Сәтбаевтың ұсыныстары Геолком тарапынан қолдау таппады. 1930 жылдың көктемінде ол КСРО Госплан төрағасы Г.М.Кржижановскийдің қабылдауында болып, өз ұсыныстарын негіздейді. Осыдан кейін Жезқазғанға арналған зерттеуге қосымша қаржы, бұрғылау техникасы және мамандар бөлінеді.
Келесі екі жылда зерттеу жұмыстарының көлемі арта түседі. Сәтбаевты алаңдатқан аймақтағы су тапшылығы мәселесі шешімін тапты: ол келесі 1933 жылы аймақта су іздеу мақсатында гидрогеологиялық зерттеулерді бастауға қол жеткізеді.
1936 жылы ауыр өнеркәсіп халықтық комитетінің төрағасы Серго Орджоникидзе Жезқазған мыс балқыту комбинатын салу бойынша дайындық жұмыстарын бастау туралы бұйрыққа қол қояды. Осыдан кейін аймақта кең көлемді зерттеу жұмыстары басталады.
1938 жылдың басында мыс саласының басқарушы штабы түбегейлі қайта құрылып, Қаныш Сәтбаев жаңа ауыр өнеркәсіптің жаңа наркомы Л.М.Кагановичке шақырылады да, 1938 жылдың 10 ақпанында Жезқазған үшін тарихи мәнге ие КСРО НКТП бойынша бұйрық дүниеге келеді. Онда жоғары өндірістік қуатты жаңа Үлкен Жезқазған комбинатын жобалауға шұғыл кірісу қажеттігі туралы айтылады.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» – дейді дана халқымыз. Қ.И.Сәтбаевтің арманына жету жолындағы іс-шаралары күреспен жүрді. Осы күрестегі жеңістерінде Сәтбаевтың жан-жақты білімі, ақылы, эрудициясы мен талабы ғана емес, сонымен қатар, азаматтық батылдығы, руханияты, адамгершілігі мен парасаттылығы шешуші роль атқарады.
Ғұлама ғалым Ұлытау өңірінің бай қазыналы өлке екендігін дәлелдеген бір ғылыми еңбегінде: «…біздің қолымызда бар бүгінгі нақтылы мәліметтерге сүйенсек, табиғаттың дархан жомарттығы арқасында жер қойнауының әртүрлі бай қазыналары бір жерге шоғырланған Жезқазған жер шарының санаулы бақытты аудандарының бірі деп санауға әбден болады», – деген.
Оның шабыты мен сарқылмас қуатының қайнар көзі туған халқына және қазақ даласына деген шексіз сүйіспеншілігінде. Ал халқы оның білімі мен еңбектерін жоғары бағалады. Көзі тірісінде «біздің Қаныш – данышпан» деп атады.
Ұлыбританияның Премьер-Министрі Уинстон Черчилль кезінде Сәтбаевқа: «Совет Одағындағы №1 геолог» деп баға берген. Совет Одағын басқарған Н.Хрущевтің өзі Сәтбаевтың білімділігін мойындаған.
Хрущевтің Сәтбаевпен кездесуіне ықпал еткен – У.Черчилль. Совет Одағына келіп Хрущевпен сөйлескенде: «Сіздің аз ұлттарыңыздың ішінде бір ұлы ғалым жүр, білесіз бе?» – деп сұрайды. Хрущев армян, грузин сияқты басқа ұлттарды айтады. Ана кісі: «Жоқ, білмедіңіз, сіздер өздеріңіздің ұлы ғалымдарыңызды танымайды екенсіздер. Ол – Қаныш Сәтбаев деген қазақ», – дейді.
Содан Н.Хрущев Черчилльді шығарып салысымен Алматыға келіп, Ғылым академиясында, Геология институтында болып, Қаныш Имантайұлының еңбектерімен танысады. Сөйтіп, «Сәтбаев бір ғана Қазақстанның емес, бүкіл Совет Одағының жерінің астында қай жерде қандай байлық жатқанын алақанындағыдай біліп отыр ғой» – деп, таң қалған.
1961 жылы көктемде Қаныш Имантайұлы басқарған Қазақстан Ғылым академиясының көшпелі ғылыми сессиясы Жезқазғанда болып, онда Үлкен Жезқазғанның барлық саладағы мәселелері қаралып, келешек проблемалары қозғалды. Сессияда Қаныш Сәтбаев сөйлеп, тағы да болашағымыздың алдындағы ғалымдардың борыштарын ғылыми дәлелдермен анықтап береді.
Оған да биыл 65 жыл болды. Осы орайда, Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан қолдау тауып, Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының көшпелі жиналысын өткізіп, онда жаңадан құрылған Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланып, оң шешім қабылданса дұрыс болар еді.
Қаныш Сәтбаев құрған Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясы көп жылдар бойы тынымсыз жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бірнеше кен орындары ашылды. Сонымен қатар, жерасты су көлемін зерттеп, қорын бекітті.
Өкінішке орай, еліміз егемендік алған жылдардың басында, геологиялық-барлау экспедициясы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Геология министрлігі таратылды.
2018 жылы «Kazakhmys Barlau» («Қазақмыс Барлау») компаниясы құрылды. Компания еліміздің бірнеше өңірінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС минералдық-шикізат базасын кеңейтуге бағытталған 47 геологиялық барлау жобасын (жалпы аумағы 20 мың км²) жүзеге асырды. Бұл компания қарқынды жұмыс атқаруда, нәтижесі де жаман емес.
Өткен жылдың аяғында Жезқазғанда Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан бойынша 1-ші болып геологиялық кластер ашылды. Кенжелеп қалған геологиялық-барлау жұмыстарын Қазақстан Үкіметі және кен өндіруші ірі компаниялар тиісті қаражат бөліп, зерттеу жұмыстарын қарқынды дамыту – заман талабы.
Қаныш Сәтбаев Орталық Қазақстанның металлогениялық-болжам картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан тысқары, оның сарқылмас қазынасы – кен жыныстарының құрамында сирек кездесетін түсті металлдардың қоры бар екендігін ғылыми жолмен зерделеп шыққан.
Яғни, 20-дан аса түрлі химиялық элементі, атап айтқанда, қорғасын, мырыш, алтын, күміс, кадмий, сурьма, селен, теллур, рений, осмий сияқты бағалы металдарды өндірістік жолмен бөліп алу арқылы кен өндіруден түсетін қыруар байлықты еселей түсуге болады.
Қ.И.Сәтбаевті қазақтың маңдайына, Жезқазғанның, Қарсақбайдың маңдайына жазды. Ол осы жерде 15 жыл табан аудармай біздің Орталық Қазақстанның қазба-байлықтарын зерттеп, әлемге паш етіп кетті. Оның қалдырған алып жобалары – Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуына тірек болды. Игілігін ел талай ғасыр көре бермек. Дара дарынның ұлы істерімен халқы мақтанады.
Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбек жолын Қарсақбай ауылында бастағанына 100 жыл толуын атап өту мақсатында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, Қ.И. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік және М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейлерімен бірлесіп, төмендегідей бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Атап айтсақ, Қарсақбай кентіндегі мәдениет үйінде Жезқазған, Сәтбаев қалаларының еңбек ардагерлері, құрметті қонақтар мен кент тұрғындарының қатысуымен «Қарсақбайдан бастау алған Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Қ.И.Сәтбаевтың үй музей үйінде болып, тал көшеттері отырғызылды. Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіндегі жәдігерлерге экскурсиялық жұмыстар жүргізілді.
Сәтбаев қаласында, Қ.И.Сәтбаев атындағы №9 мектеп-лицейінде қала мектеп оқушыларымен «Қаныш Сәтбаев және Үлкен Жезқазған» тақырыбында кездесу өткізілді. Сол сияқты, Жезқазған қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінде қала мектеп оқушыларымен «Қаныш Сәтбаев және Үлкен Жезқазған» тақырыбында кездесу өтті.
Енді алдағы күндері мамыр-тамыз айларында «Ұлытау облысының әлеуметтік дамуы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарда бар. Сонымен қоса, Жезқазған-Қызылорда-Жосалы-Қарсақбай бағытына этнографиялық экспедиция ұйымдастыру көзделіп отыр.
Осы шараларға Шымкент қаласының тұрғыны, «Айғақ Медиа» ЖШС президенті, Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Дулат Назарбекұлы Әбіш қатысуға ниет білдірді. Ол өзінің жеке қаражаты есебінен Қ.И. Сәтбаевтың жас кезіндегі суреті мен Қарсақбай зауытының көрінісі бейнеленген 7 кілемді сыйға тартты.
Өткенге үңілсек, Қарсақбайдың қарт ақыны Болман Қожабайұлының Қанышқа арнаған мына бір өлеңінде:
Елімде кім білмейді Қанышымды,
Қасыма жақындатты алысыңды.
Шығарып мұнай, көмір,
мыс пен болат,
Ешкімге жіберген жоқ намысымды.
Өлі емес, осы күнде Қаныш тірі,
Қанышты айтсам кетер көңіл кірі.
Даңқы жер жүзіне мәлім болып,
Ғалымның айтылып жүр өсиеттері,
– деп жырлаған екен.
Ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы туралы сұңғыла шешендер де, ел бастаған көсемдер де қалам тербеді. Келешекте де тербей беретіні сөзсіз.
Ендеше, жылдар жылжып өткен сайын данышпан Қаныш Сәтбаевтың жұлдызы жарқырай бермек.

Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның Құрметті металлургі.