Тектінің тұяғының талайлы тағдыры

Зейнеп (Елизавета) Әлиханқызы Сәдуақасова 1903 жылдың 8 мамырында Омбы қаласында, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның отбасында дүниеге келеді. Әкесінің әу баста тұла бойы тұңғышына қойған есімі Зейнеп болатын. Ол бала кезінде әкесінің қасында көп бола қоймаған болуы керек. Әлихан Нұрмұхамедұлы саясат пен журналистік қызметтен босамайды екен. Жаз маусымын бала Зейнеп Тоқырауындағы әкесінің туған жерінде өткізетін. Мұнда ол өзінің етбауыр туыстарының, ең бастысы, әжесі Бежекемнің (Әлиханның анасы Бегім ханым) маңайында болып, масайрап, бой жазатын. Ал басқа уақытта анасы және нағашы атасымен Омбы қаласында тұрады.

1918 жылы 15 жасқа толған шағында Семей қаласында ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін анасы Ольга Яковлевна өмірден өтеді. Патша үкіметі 8 жылға Самараға жер аударған әкесі Әлихан Нұрмұхамедұлы мерзімін өтеп, Омбы қаласына оралуға рұқсат бермеген соң, отбасы Орынборға көшуге мәжбүр болады. Әкесі мен балалары осы жерде бастарын қосады. Өкінішке орай, қуаныштары ұзаққа созылмайды. Бұл кезде Зейнеп Орынборда қыздар гимназиясында оқитын еді. Ол оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, 1920 жылы Томск университетінің медицина факультетіне құжат тапсырады. 1922 жылы Сталиннің пәрменімен Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады. Әкесі мен бауырының қасында болу үшін Зейнеп 1922 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысады. Университет басшылығы есімін ауыстыруды талап еткен соң, әкесінің келісімімен Зейнеп енді Елизавета Букейханова болып, аты-жөнін ауыстырады. 1923 жылдың сәуір айында Лиза мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, драматург, Қазақстанда ағарту ісін ұйымдастырушылардың бірі болған Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шығады. Екі жастың үйлену тойы Смағұлдың туған жері Көкшетау облысы, Ақжар ауданы, Жарқын ауылында өтеді. Смағұл Сәдуақасов белгілі қоғам қайраткері, жазушы, сыншы, ағартушы ретінде тарихта қалған тұлға. Лиза мен Смағұл Омбыда бірге өткерген кезден таныс болған.
Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған Лиза елімен енді хат арқылы немесе достарымен Мәскеуде кездесулері арқылы ғана байланысып тұрады. Әкесі мен қызының арасында ерекше байланыс болғандығы туралы естеліктерде жиі айтылады. Лиза әкесінің таныстарының ортасында көп болып, етене араласады. «Бір жолы ол маған Әлиханның тұтқыннан босатылу тарихын айтып берді. Лиза апай князь Кугушевтің қызымен құрбы болған, сол достықтары қысталаң шақта да жақсы демеу болған еді», – деп жазады Сырым Бөкейханов, «Өткен күнде белгі бар» атты мемуарлар жинағында. Смағұлдың достары Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Нығмет Нұрмақовтың отбасыларымен жақсы араласады. Дәмеш Жүргеновамен (Әлімхан Ермековтың қызы) өмір бойы дос болып өтеді. Медицина факультетін аяқтаған соң ауруханаға медбике болып, жұмысқа орналасады.
1933 жылы жары Смағұл Кремль ауруханасында тосыннан өмірден өтеді. Смағұл Сәдуақасовтың өлімі жұмбақ күйінде қала берді. У беріп өлтіруі мүмкін деген болжам бар, себебі, ол Кеңес үкіметінің сол кезде Қазақстанда жүргізіп жатқан жер-су реформаларына қарсы шыққан болатын.
1937 жылы әкесі Әлихан Нұрмұхамедұлы тағы да тұтқынға алынады. Лизаның әкесін соңғы рет көруі екенін жүрегі сезді ме екен? Әлихан Бөкейханды Бутырка түрмесіне алып кетіп бара жатқанда әкесі қызына «Мені іздеме, ешқайда жүгіріп әуре болма!» – деп, бір қоңырау шалу үшін рұқсат сұрайды. Сондағысы енді қайтып келмейтінін біліп, жалғыз қалып бара жатқан қызы Лизаны сақтандыру болғаны, әрине, айтпаса да түсінікті жайт.
Міне, осындай ел басына ауыртпалық түскен кезде бұрынғы Денсаулық Халық комиссары, сол тұста Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі Н.А. Семашко шынайы адамгершіліктің үлгісін танытып, азаматтық ұстанымын айғақтайды. Ол Әлихан Бөкейханды жақсы білетін, құрметтейтін еді және сол бір сұсты да сүреңсіз жылдары Лизаға мейірімін төгіп, көп қамқорлық көрсетеді. Алғашқыда лаборанттық қызметке қабылдап, кейін ғылыми қызметкер қылып орналастырады. Кәмелетке толмаған ұлы Ескендірмен ғана қалған Лиза қызметке қызу кірісіп кетеді. Бұл уақыттарда оның көңілін аулайтын тек қана жұмысы болатын.
Әкесінен еш хабар ала алмай, алаңдап жүргенде 1941 жылы сұрапыл соғыс басталады. Елизавета Әлиханқызы дәрігер болғандықтан, алғашқылардың қатарында Солтүстік-Батыс майданының госпиталіне қызмет етуге аттанады. Смағұл мен Лизаның ұлы Кенка (Ескендір) өте бойшаң, ірі денелі жігіт болыпты. Үйде жалғыз қалған Ескендір де соғыстың алғашқы айларында жасына екі жас қосып жаздырып алып, халық жасағына жазылып, өз еркімен майданға аттанады. Тағдырдың жазуы, ол соғыстың алғашқы айларында-ақ оққа ұшып, қаза табады. Зейнеп Әлиханқызы 1943 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, одан кейін «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен және 1944 жылдың қазан айында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Бес жыл бойы майдан даласында болып, соғыстан медицина қызметінің майоры және 3-ші разрядты әскери дәрігер шенімен оралады. Мәскеуде оны қаңыраған үйі ғана күтіп тұрған еді. Майдан даласында жүргенде Зейнеп Әлиханқызы өзінен әжептәуір үлкен Макс Натанович Клейнманмен танысады… «Халық жауының» қызы деп, араласудан сескенетін көршілерімнің ортасында жалғыз қалудан қорыққандықтан осы кісіге тұрмысқа шыққан едім», – деп, түсіндіреді ол бұл қадамы туралы кейінгі бір әңгімесінде.
Зейнеп Әлиханқызы Қазақстандағы әкесінің бауырларымен байланысын үзбейді. Әсіресе, әкесінің бауыры Әзіханның баласы Райымжанмен (Сырым Бөкейхановтың әкесі) ерекше жақсы қарым-қатынаста болады. Екеуі жиі хат жазысып тұрады. Зейнеп Әлиханқызы өмірден өткенше, бұл дәстүр үзілмейді.
Сондай хаттардың бірі былай басталады: «14.12.1945 жыл. Қымбатты Райымжан! Сенің өтінішіңді мен сол жолы-ақ, сенің бірінші хатыңды алған бетте орындаған болатынмын: өзің консультациядан өтіп, қажеттігін өзің шешсін деп келістім… Енді өзіңнен екінші хат алған соң, мен оларды ықтияттап маған таяу жерде тұратын Академияның өкілінің қолына тапсыруға тырысамын. Не жазуды да білмей отырмын. Шынында да, біздің кездеспегенімізге бірталай уақыт өтіпті, сондықтан, біз шешуге тиісті біраз мәселе де жинақталып қалды. Сен менің басымнан өткен басты жағдайды – ұлымның опат болғанын білесің. Бұл деген енді қайтып айықпас қайғы-шер, бірақ, оны да бастан өткеруге мәжбүрміз. Менің екінші күйеуім бар, яғни, мен жалғыз емеспін. Соғыс бойы мен майданда болдым, майдандас достар таптым, медаль-ордендер мен майор атағын алдым. Кандидаттық диссертация қорғадым, 1945 жылғы 1 маусымда әскери қызметтен босадым да, сол кезден Медицина ғылымы академиясының бір институтының ғылыми хатшысы болып қызмет атқарамын. Жұмыстан бас алмаймын, зерігуге қол тимейді. Мен өзіме қымбат соншама адамдардан айырылдым, сондықтан, өзім бақытты болу үшін күш-қуат іздейтіндей халде емеспін. Мен толассыз іс үстіндемін – жұрт та айтады, өзім де білемін, жұмысты жаман атқармаймын. Келешекте докторлық диссертация болып қалуы ықтимал жұмыс әзірлеп жүрмін. Жалпы тұрмысым жаман емес, бірақ, бұл нағыз өмір емес қой, менің барымды жүйе мен соғыс жайпап кетті. Кенемнің қазасы менің нағыз аналық шаттығымды жұлып әкетті ғой, бірақ сол үшін мені кінәлауға бола ма?! Мен соның бәріне қайыспай төзе аламын, жұрт, сірә, мен соның бәрін жеп-жеңіл көтереді деп ойлайтын шығар. Саған ғана, бірінші рет іштегі шерімді тарқатып жазып отырмын. Зауқың соққанда хат жазарсың. Мен естерінде қалған адамдардан хабар алсам мерейленіп, көңілім көтеріліп қалар еді. Менің атымнан ұлдарыңның бетінен сүй. Бар жақсылықты тілеймін. Лиза».
Хатта баяндағанындай Зейнеп Әлиханқызы әскери қызметтен босаған соң, 1945-1948 жылдар аралығында Н.А. Семашко атындағы БҒЗИ әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау бөлімінің ғылыми хатшысы қызметін атқарады. 1948-1959 жылдары КСРО Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық статистика бөлімінің меңгерушісі болады. 1959 жылдан өмірінің соңына дейін Әлеуметтік гигиена ғылыми зерттеу институтының статистикалық санитария бөлімін басқарады.
Зейнеп Әлиханқызы – өзінің ғылыми шығармашылық ғұмырында санитарлық-статистиканың теориясы мен әдіснамасының мәселелерін терең зерттеген ғалым. Медицинада түсік тастау (аборт жасау) және оның әйел ағзасына қауіптілігі мен зиянын жан-жақты зерттеп, ғылыми түрде тұжырымдама жасаған алғашқы ғалымдардың бірі. Ғалым КСРО көлемінде медициналық статистика саласы бойынша сұранысқа ие мықты маман болған. Халықтың өсімі, көбеюі және туу көрсеткіші сияқты демографиялық мәселелермен КСРО-ның медицина тарихында тұңғыш рет шұғылданған ғалым болғаны белгілі. Кәсіби, білікті дәрігер ретінде көптеген күрделі, әрі жауапты оталарға қатысып, өзінің шеберлігімен жүздеген науқастардың өмірін сақтап қалған ақ халатты абзал жандардың бірі болады.
Зейнеп Әлиханқызы 1965 жылы «Түсік тастаудың әлеуметтік-гигиеналық мәселелері (Аборт как социально-гигиеническая проблема)» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымдарының докторы дәрежесін иеленеді. Осы саланың Одақ бойынша ең мықты мамандарының біріне айналады. Бұл туралы Сырым Бөкейханов «Өткен күнде белгі бар» мемуарлар жинағында: «Лиза апай медицинадағы статистика жөнінде Кеңес Одағы бойынша көрнекті ғалым болатын, сол себепті, ол кісіні диссертация қорғауларына оппонент ретінде бүкіл республикаларға жиі шақыратын» – деп жазады.
Халық денсаулығы мен аурудың шығу жолдарының құрылымын оқып, үйренуде ғалымның жұмыстары: санитарлық көрсеткіштердің талдауына, КСРО-дағы халықтың денсаулығы мен аурудың шығу жолдарының себептерін оқып, үйренуге негізделді. Кеңестік денсаулық сақтау саласы үшін бұл өте маңызды еді. Жалпы ғалымның ғылыми тұрғыда негізделген еңбектері ХХ ғасырдың ортасындағы КСРО-дағы статистика мен медицинаның дамуы үшін маңызды дереккөздер болды. Ол 1967 жылы медицина саласының профессоры ғылыми атағын абыроймен қорғайды. Зейнеп Әлиханқызының 1969 жылы «Отбасын жоспарлаудың әлеуметтік-гигиеналық аспектілерін реттеу» атты ғылыми маңызы зор монографиясы жарыққа шығады. Ғалым-дәрігердің бұл еңбегі КСРО тарихындағы түсік тастау мәселесіне қатысты жазылған алғашқы ғылыми еңбек болып саналады. Күні бүгінге дейін Ресейдің медициналық оқу орындарында осы еңбекті басшылыққа алып, оқу процесінде қолданады екен. Түсік тастау мәселесі қазіргі қоғамның да өзекті мәселесі болып қала береді. Бұдан басқа бірнеше ғылыми еңбектері: «Санақ кезіндегі КСРО халықтарының денсаулығын комплексті тексеру» – 1970 жыл, «Кейбір шетелдердегі ана өлімі және осы көрсеткішті есептеу әдісі», «Туу көрсеткішін шектеу жөніндегі іс-шаралар және оның халықтың өсіміне ықпалы» сияқты өзектілігін әлі де жоймаған көкейтесті мақалалары ғылымда үлкен сұранысқа ие екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Оның медицина ғылымына қосқан орасан зор үлесі тарихи маңызын ешқашан жоғалтпасы анық.
Зейнеп Әлиханқызының төңірегіндегі жандарға қашанда сыйлы болғаны күмәнсіз. «Ол кісінің жоғары деңгейдегі адамгершілігі, достарына деген ақ ниеті, адалдығы, жақсылыққа деген ізгі пейілі, қашанда айналасына көмектесіп, демеп жіберуге әзір ынтасы біздің қатал да көбіне сүреңсіз болмысымызда да шын мағынасындағы интеллигенттердің бар екендігіне менің көзімді еріксізден жеткізген болатын», – дейді Сырым Бөкейханов өз естелігінде. Әкесі Әлиханға тартқан қасиеттерінің бірі оң істі қорғау сәтіндегі айрықша принципшілдігі, жексұрындармен ешбір мәмілеге келмейтіндігі, қоғамдық жұмыс дегенде тыным таппайтындығы екен. Адал қызмет
ету – өмірінің негізгі кредосы болған.
1971 жылы маусымның 21-нен 22-іне қараған түні Зейнеп Әлиханқызы өмірден өтеді. Дәрігерлердің білім жетілдіру институтының өкілдері мәйітін өзі жұмыс істеген институтқа апарып, азаматтық жаназасын өткізеді. Жаназасын өткізгенде әріптестері, министрліктің өкілдері, аудан басшылары, партия қайраткерлері, студенттер көп жиналады. Мәйітті кремациялағаннан кейін сауытты Новодевичье зиратындағы қабырғаға орналастырады. Әкесі Әлихан Бөкейхан да, қызы да өздерінің мәңгілік мекенін Отанынан жырақ жерде тапты. Райымжан Бөкейханов өз естелігінде: «Азаматтық жаназада қайғыдан бүгіліп, егіле жыладым. «Мұнда, Россияда қазақ қызын ақырғы сапарына етжақын адамдарындай шығарып салып жатыр ғой!» – деп қайталай бердім» деп, жазады. Бұл, әрине, әлі жетпісінші жылдардың басы, Әлихан Бөкейхан ақталмаған кез. Сондықтан да Зейнеп Әлиханқызына өзінің атамекенінде орын жоқ еді.
Қазақстан Тәуелсіздігін қалпына келтіргеніне 35 жылдың жүзі болыпты. Кеше өз елінің тәуелсіздігі үшін бар өмірін, отбасын, ұрпағын құрбандыққа шалып кеткен, Ұлт көсемінің аяулы перзенті Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақасованы еске алып, өскелең ұрпаққа таныстыру – азаматтық парызымыз.
8 мамыр – Зейнеп Әлиханқызының туған күні. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болған тұлғаның жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады. Тектілердің тұяғы, таңдайды құз-қияны. Шын тектілер халқы үшін, қатерге басын қияды. Жақсы-жаман деместен, жанына жұртын жияды».

Кәмшат АБДРАХМАНОВА,
Қарағанды медицина университеті
Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының
ассистент-профессоры.