Күмісбұлақ аумағында заманауи абаттандыру жұмыстары жүргізіледі

Облыс әкімі Дастан Рыспековтың облыс аумағында демеушілік аясында әлеуметтік нысандарды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков Bass Gold ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында компания тарапынан Ұлытау ауданындағы Күмісбұлақ аумағын абаттандыру және оның туристік әлеуетін дамытуға бағытталған жоба таныстырылды.

Жоба аясында республикалық автомобиль жолы бойында орналасқан Күмісбұлақ аумағында заманауи демалыс аймағын қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңғырту, келушілерге қолайлы жағдай жасау және аумақтың көркін жақсарту жұмыстары жоспарлануда.

Сонымен қатар демеуші тарап Күмісбұлақ аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу және жобаны іске асыру мақсатында тиісті меморандум жасасу мәселелерін талқылады. Туризмді дамыту бағытында глэмпинг аймағын салу, демалыс орындарын ұйымдастыру, серуендеу жолақтарын жасау, шағын сәулеттік нысандар орнату және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Жобаның басты мақсаты – Ұлытау өңірінің туристік тартымдылығын арттырып, Күмісбұлақты тұрғындар мен қонақтар үшін заманауи әрі жайлы демалыс орнына айналдыру.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.