ЕРЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлытау ауданының тұрғыны, мәдениет саласының үздігі Жүнісова Гауһартас ҒАБДУЛУАХИТҚЫЗЫ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Гауһартас Ғабдулуахитқызы 1964 жылы Алғабас кеңшарында дүниеге келген. Еңбек жолын жас кезінен бастап, түрлі салада абыроймен қызмет етті. Целиноград ауылшаруашылық институтын экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары кеңшарларда, ауыл әкімдігінде, мектепте еңбек етіп, бүгінде Егінді ауылдық клубының меңгерушісі қызметін атқаруда. Сонымен қатар Жезқазған музыкалық колледжін бітіріп, ауыл мәдениетін өркендетуге үлкен үлес қосып келеді.
2020 жылдан бері марқұм жолдасы ашқан «Кеңгір» шаруа қожалығына жетекшілік етіп, ауыл шаруашылығы саласында да белсенді еңбек етуде. Төрт баланың анасы, бірнеше немеренің сүйікті әжесі, аудандық марапаттардың иегері. 2015 жылы есімі «Арқа ардақтылары» энциклопедиясына енген. Биыл мәдениетке сіңірген еңбегі ел ішінде лайықты бағаланып отыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.